Accessibility links

Қамауда отырған Сергей Дувановтың жағдайы


Қамауда отырған Сергей Дувановтың жағдайына байланысты баспасөз мәслихаты өтті

Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның қазақстандық өкілдігі кейбір электрондық ақпарат құралдарының Дувановқа қатысты таратылған мәліметтеріне алаңдаушылық білдіруде. Осыған орай сәрсенбі күні Алматыда баспасөз мәслихаты болып өтті.

Дувановтың адвокаты Виталий Воронов 8 қыркүйекте ол қамауда жатқан Заречное елді мекеніндегі ЛА 155-8 колониясында болған. Адвокаттың айтуына қарағанда, Дуванов өзіне ешкімнің күш көрсетіп, ұрып-соқпағанын мәлімдеген.

Ал журналистер қауіп-қатерде атты қордың жетекшісі Розлана Таукина соңғы екі айдан бері Сергей Дувановтан еш хабар болмады, хат-хабар жетпеді, оның қандай жағдайда екенін білмедік, соған алаңдаудамыз деді.

Қамаудағы Сергей Дуванов мен ешқандай жазықты емеспін, сондықтан кешірім сұрап, өтініш жазбаймын деген. Ол өзінің құқығы аяққа тапталуына наразы. Ол тұратын бөлменің өзі жоқта есігі сынып, күнделікті жазбалары жоғалып кеткен. Жазған хаттары қолға тимеген. Мәселен, Сергейдің әкесіне жазған хаты жетпей, әкесі қайтыс болып кеткендігі айтылды.

Баспасөз мәслихатында Дувановтың қорғаушысы Мария Пульман да, Розлана Таукина да Сергей Дувановқа қатысты оның денсаулығы мен хауіпсіздігіне алаңдаушылықтарын білдірді.
XS
SM
MD
LG