Accessibility links

Үкімет бекіткен ереже зейнеткерлер наразылығын туғызуда

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Қыркүйектің 10-ы күні Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты атынан депутат Хайрат Шалабаев, Үкімет басшысы Даниал Ахметовке зейнеткерлер наразылығын сауал ретінде жолдады.

Осы жылдың 4-ші шілдесінде Үкімет қаулысымен бекітілген ережеде болашақ зейнеткерлердің салған жарналарын қайтарып беру туралы айтылған. Хайрат Шалабаевтің айтуынша, аталған ережеде көрсетілгендей, жиналған қаржыны зейнеткерлерге 83 жасқа дейін графикпен беру туралы бап болашақ зейнеткерлердің үлкен наразылығын туғызуда.

Халықтың қаржысын заңның күшімен жинап алып, үлкен пайда тауып келген зейнетақы қорларының иелері осы қаржыны иесіне оңайлықпен бергісі келмейтіні әуелгі бастан белгілі болатын. Бірақ мәселені реттейтін Үкімет бар ғой деп сенген едік,-дейді болашақ зейнеткерлер. Парламент депутаттары да бұл мәселені заң бойынша Үкіметке сеніп тапсырып еді.

Депутат Хайрат Шалабаев, аталған қаулыда болашақ зейнеткерлердің жағдайы емес, жинақтаушы зейнетақы қорлары иелері табысының азаймау жағдайы көп қамқорлыққа алынған дейді. Ол, соңғы кезде зейнетақы қорларының иелері, зейнеткерлерге есептелетін инвестициялық табыстарын күрт азайтып, есесіне өздерінің капиталдарын заңды-заңсыз жолдармен көбейтуге көшкен сияқты деген пікірін білдірді.

Оған дәлел зейнетақы қорлары болашақ зейнеткерлерге 2001 жылы 15-13 % инвестициялық табыс есептеген болатын, 2002 жылы бұл көрсеткіш 10 % төмен түсіп кетті, ал 2003 жылдың жарты жылдығы бойынша орташа 3,47 % болып отыр, яғни, жылдық ақшаның құнсыздануы – инфляция 5 пайыздан жоғары екендігін ескерсек, нақты табыс жоқ деген сөз, бұл бағыт сақталатын болса, зейнетақы қорлары болашақ зейнеткерлердің қаржысын өсіммен сақтаудың орнына 83 жасқа келгенше ақшаң құнсызданып ештеңесі қалған жоқ, - деп жауап беруі мүмкін болып отыр.

Депутат пікірінше, егер ол ақша бүгінгі күні зейнеткердің қолына тисе, екінші деңгейдегі банкке депозитке салса кем дегенде 12 пайыз табыс алуға болады.Ал, қаржы қорларда сақталса, құнсызданып кетуі мүмкін.

Осы іске тексерулер жүргізіп, мәлімдемелер жасаудың орынына, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсова, қорлардың қожайындарының жағдайын ойлап, Үкіметке аталған қаулының жобасын дайындап беріп отыр, - деді депутаты Хайрат Шалабаев.
XS
SM
MD
LG