Accessibility links

Түрік бітімгершілік жасағының Ираққа кіруінен күрдтер шошып отыр

  • Смағұл ЕЛУБАЙ

АҚШ Ираққа бітімгершілік жасақтарын енгіз деп Түркияға салмақ салып отыр. Ал Анкара онда Америка әскері Ирақ теріскейіндегі күрд жікшілдеріне бақылау орнатуға тиіс деген талап қоюда.

Радиомыздың талдаушысы Жан-Кристоф Пехтың жазуынша Құрама Штаттары Түркиядан Ираққа шамамен 10 мың әскер кіргізуді сұрап отыр. Түркия болса Американың НАТО бойынша одақтасы. Сейсенбі күні Түркия сыртқы істер министрі Абдулла Гүл айтпақшы Түркия өз шешімін осы ай аяғында жария етпек. Түрік депутаттары жазғы демалыстан қазанның басында оралатыны аян, демек, бұ мәселенің шешілуі қазанның басына қалғалы тұр. Алайда түрік әскерін Ираққа кіргізу жөніндегі Америка-Түрік келіссөзі жүріп жатыр. Келіссөздің келесі кезегі осы апта соңында Анкарада жалғаспақ. Америкка жағынан келіссөзге сыртқы істер министрінің кеңесшісі, Пентагон өкілдері қатысады. Түркия сыртқы істер министрі Гүлдің айтуынша түрік әскері Ирақта өзінше бір бөлек аймақты бақылауға алуға тиіс. Түрік солдаттары өзге бір елдің әскери басшылығы астында болмақ емес. Ал, НАТО-ның Еуропа бойынша қолбасшысы американдық генерал Джеимс Джонс болса өткен аптада Анкарада болғанда Түркияның Ирақты қалыпқа келтіруге қосар кез –келген үлесіне Вашингтон мүдделі деді:

"Ирақтағы шараларға қосылар кез-келген үлесті Құрама Штаттары қошеметпен қарсы алады."

Сонымен,Тайып Ердоған үкіметі қиын жағдайда. Ердоған үкіметі, бір жағынан, түріктер арасындағы анти-американдық сезімге қарсы. Екінші жағынан, Ирақ соғысы тұсында түс шәйісіп қалған Вашингтонмен қайта әмпей болу да оңай емес. Анкарада жария етілген сауалнама нәтижесі көрсеткендей түріктердің бүгінде 64 пайызы түрік әскерін Ираққа кіргізуге қарсы. Ердоған кабинеті, сондай-ақ, егер де түрік жасағы Ираққа кірер болса онда ҚШ алдына бір салмақты талап қоймақ ниетте. Түрік жағы ҚШ әскерін Ирақ теріскейінде орналасқан күрд жасақтарына қарсы қоймақ ниетте. Атап айтқанда Күрдістан Жұмысшы Партиясының әскеріне қарсы қоймақ. Бүгінде Ирақ пен Иран арасындағы Қандыл тауында Күрдістан Жұмысшы Партиясының 5 мың жауынгері орын тепкен. Олар осы партия көсемі Абдолла Оджалан түрік түрмесіне түскелі бері осы тауды мекен еткен. Түркие бұл әскер түптің-түбінде Түркияға қауіп төндіреді. Сондықтан оны жою керек деп біледі. Сонан кейін, Ирақта тұрақтылықтың орнамай отыруы да Түркияға жақсы емес. Ирақ бөлшектеніп күрдтер тәуелсіз мемлекет жариялай ма деп қорқады. Ондай болған күнде шығыс Анатолиядағы күрдтердің де автономия үшін соғысқа кірмесіне кім кепіл? Кейбір америка ресми тұлғалары Вашингтон кәзірдің өзінде Күрдістан Жұмысшы Партиясы тарапынан Түркияға қатер болмайды деп уаде берді дейді. Алайда, америка ресмилері күрд жасақтарына қарсы әрекет мәселесіне келгенде күмілжіп қалады. ҚШ мемлекеттік департмент өкілі Ричард Баучер:

"Солтүстік Ирақ Түркияға қарсы база ретінде пайдаланылмайды деп сендіреміз. Біз осы бағытта әрекет етеміз", - деді Баучер.

Түркия Солтүстік Ирақтағы Күрдістан Патриоттық Одағымен, Күрд Демократиялық партиясымен жақсы. Осы күрд партиялары ҚШ-ның бугінгі Ирақтағы ең жақын одақтастары болып отыр. Алайда, бұл қарым-қатынастар ертең басқаша да болуы да мүмкін деп біледі түрік талдаушысы Доган Өзгуден:

"Алайда, ертең жағдайға байланысты, Құрама Штаттарының ұстанымына байланысты бәрі де өзгеруі мүмкін", - дейді түрік талдаушысы.

"Құрама Штаттары Түркияның Ирақ саясатына араласуына айырбас ретінде Анкара талабын орындауы мүмкін бе? Ол талап қағаз жүзінде қала ма әлде Күрдістан Жұмысшы Партиясына қарсы әрекетке ұласа ма?" - деп сауал қойған түрік талдаушысы Өзгуден өл сауалына өзі жауап береді. ҚШ-ның Күрдістан Жұмысшы партясына қарсы әрекеті Ирақтағы оқиғалардың одан әрмен өрбуіне байланысты деп қорытады.

Түрік әскерінің Ираққа кіру мәселесін талқылау үшін Ирақ Басқарушы Кеңесінің өкілі Энтифад Канбар жақын күндері Анкараға аттанбақ.
XS
SM
MD
LG