Accessibility links

Каспий экологиясына арналған алғашқы халықаралық конференция

  • Досан БАЙМОЛДА

Қыркүйектің 11-і күні Маңғыстау облысының Жаңа-Өзен қаласына жақын Кендірлі демалыс жерінде Каспий экологиясына арналған алғашқы конференция өз жұмысын бастады.

Конференция жұмысына Каспий жағалауы елдерінің және халықаралық ұйымдардың 150 ден астам өкілдері қатысып отыр. Бұл туралы радиомызға конферфенцияға демеушілік көрсетіп отырған ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясы президентінің кеңесшісі Дилара Ибрагимова хабарлады.

Оның айтуынша, каспийдің экологиялық проблемасын талқылағалы отырған бұл жолғы алғашқы конференцияны Қазақстанның энергетика және минералдық ресурстар министрлігі және Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрлігі ұйымдастырып отыр.

Конференцияға Ресей президентінің Каспий мәселесі жөніндегі арнайы елшісі Виктор Калюжный бастаған топ, Азербайжаннан экология министрі Багиров басқарған делегация және Ираннан үлкен делегация мен Түркіменстан өкілдері қатысып отыр.

Саspian Ecology 2003" конференциясы бірнеше сессия бойынша өткізіледі. Атап айтсақ, бас қосу барысында Каспий аймағының экологиялық ахуалы, Каспийдегі биологиялық түрлерді сақтау, мұнай операцияларын жүргізу барысында жағалаудағы аумақтар мен Каспий экологиясын қорғау бағытындағы мұнай компанияларының іс-қызметі, теңізден мұнай өндіру жұмыстары барысында қазіргі заманғы экологиялық қаіпсіз технологияларды қолдану, бұрғылау және мұнайды танкермен тасымалдау барысында мұнайдың теңізге төгілуі мен басқа да төтенше жағдайлардың алдын алу және ондай жағдайда шұғыл шаралар қолдану, халықаралық ұйымдардың Каспий аймағындағы экологиялық жобаларды жүзеге асыруға қатысуы, экологиялық ахуалды жақсарту және аймақтағы экологиялық жүйені сақтап қалу үшін Каспий бассейніне жататын елдердің өзара ынтымақтастығы тәрізді мәселелер талқыланады. Конференция жұмысы екі күнге жалғасады.
XS
SM
MD
LG