Accessibility links

Прокурор, кеден және сот төрешілерінің сыныптық шендері алынады


Қазақстанның құқық қорғау органдары құқықтық реформаның жаңа бір кезеңіне шықты. Республикада енді «генералдық» лауазымдар қысқартылатын болады.

Жақын күндерде Мемлект басшысының Жарлығы шығады. Осы Жарлыққа сәйкес Президент әкімшілігімен бірге заң актілерінің жобасын дайындау туралы Үкіметке тапсырма беріледі. Онда әскери және арнайы атақтардың сақталуы, пагоны бар әскери киімдерді негізгі міндеттермен қызметтерді атқаратын тек әскери қызметкерлердің, қарулы және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кию құқығы қаралады.

Бұл туралы қыркүйектің 10-ы күні жабық есік жағдайында өткен қылмысқа қарсы күрес жөніндегі кеңесте Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

Кеңесте қаралған осы мәселелер жөнінде Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары-мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі Игорь Рогов журналистерге арналған баспасөз мәслихатында баяндады.

Игорь Роговтің айтуынша, аталған жағдайда қарулы күштер органдары қызметкерлерінің барлығы бірдей пагоны бар әскери киімдерді кимейді. Ал, көмекші қызметтерді атқаратын, құқық қорғау қызметін жүзеге асырумен тікелей байланысты емес қызметкерлер, олар- азаматтық тұлғалар болады.

Мемлекет басшысы прокуратура, кеден органдары және сот төрешілерінің сыныптық шендерін, арнайы атақтарды және біліктілік сыныптарын қысқарту қажеттілігін атап көрсеткен.

Сондай-ақ прокурордың сотта мундир емес, мантия киуі тиістілігі аталған. Мұндай құқық авдокаттарға да берілуі мүмкін. Өйткені, бұл адвокаттар мен прокурорлардың теңдігін қамтамасыз ете алады.

Игорь Роговтің айтуынша, азаматтық қызмет тәртібіне ауысатын қарулы күштер құрылымдарының қызметкерлері материалдық тұрғыда залал шекпейді. Президент, бекітілген үстемелер мен зейнеткерлікке шыққандағы жеңілдіктерді ескере отырып, оларға қазіргіден кем емес лауазымдық жалақы белгілеу туралы Үкіметке тапсырма берген.

Сонымен бірге Президент, құқық қорғау және қарулы күштер органдарының және арнайы қызметтердің басшылығында азматтық тұлғалар жетекшілік етіп отырған кейбір елдердің тәжірибесін Қазақстанға енгізу қажеттілігі туралы пікір айтқан.

Президент, әскери емес тұлғалар бұл органдардың кәсіби ғана емес, саяси және қаржылық проблемаларын да тани алады деп есептейтін көрінеді.
XS
SM
MD
LG