Accessibility links

Мәслихат депутаттығынан үміткерлер өз бағдарламаларын ұсынуда


Солардың бірі Алматыдағы баспанасыздар қауымдастығының басшысы Ернар Мәліков жұма күні Алматы баспасөз орталығында журналистер алдында мәслихат депутаттығынан үміткер ретінде өз бағдарламасын жариялады.

Ернар Мәліков кезінде Алматыдағы үйі жоқ жастардың баспана алуы үшін қауымдастық құрып, бірқатар іс-шараларды қолға алған болатын. Осыған дейін ол екі мәрте Алматы қалалық мәслихат депутаты болған. Енді міне, тағы да Мәслихат депутаттығынан үміткер.

- Осы күндері халықтың белсенділігі арта тұскен секілді. Өйткені бұл сайлауға оппозиция және түрлі саяси партиялар өкілдерінің де көптеп қатысуы осының айғағы, сонықтан да науқан қыза түскен, - дейді Ернар Мәліков.

Бұл азамат ешқандай, партия, қозғалыстың мүшесі емес, жеке адам ретінде өзін-өзі ұсынып отырғандығын айтады. Мәліковтың пікірінше, Қазақстан баяу да болса ақырындап демократия жолына түсіп келеді. Билік төңірегіндегілер мен оппозицияның ортасында жүрген біздер халықтың әлеуметтік жағдайын ойлап, солрдың мүддесін қорғаймыз, дейді.

Баспана қауымдастығының өз тарихы бар. Әйгілі желтоқсан дүмпуінен кейін тоқсаныншы жылдары баспанасы жоқ жастар алаңға шығып, жер басып алып, заңсыздықтарға барғанда олардың басын біріктіріп, өркениетті түрде ұйым құрған осы Ернар Мәліков. Бұл қауымдастық қазір де жұмыс істеуде.

Қалалық мәслихат депутаты болған он жылдық тәжірибем біраз пайдасын тигізеді, соны тағы жалғастырсам дегенді айтады ол.

- Кей депутаттар мандатын алып алған соң түк бітірмей, аузын буған өгіздей үн-түнсіз отырады,- деп, өзінің бұрынғы әріптестерін сынап та алды Мәліков.

Депутат болған соң жұмыс істеу керек, өзіңнің халық алдындағы бағдарламаңды орындау парызың, дей келе, Мәліков әлі бір де бір депутаттың халық алдында есеп бергенін көрмегенін айтады.
XS
SM
MD
LG