Accessibility links

Ахмад Қадыровтың саяси бақталастары президенттік бәсекеден алып тасталды

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Қазан айында Шешенстанда өтетін президенттікке сайлану бәсекесінен тағы да екі үміткер түсіп қалды. Олар Ресей Думасындағы шешенстандық депутат Асланбек Аслаханов және белгілі бизнесмен Мәлік Сайдуллаев.

Хабарларға қарағанда, Шешенстанда өтетін президенттік сайлауға үш апта уақыт қалғанда, Мәскеу қолдауындағы елбасы Ахмад Қадыровтың табысқа жететіндігі мәлім болып қалған. Қыркүйектің 11і күні үміткерлер тізімінен ең соңғы бәсекелестер - Ресей Думасы мүшесі Асланбек Аслаханов және белгілі кәсіпкер бизнесмен Мәлік Сайдуллаев шығарылды. Ал үшінші бір үміткер – бизнесмен Хусейн Джабраилов бұл бәсекеден өткен аптада шеттетілген болатын. Қалыптасқан жағдай жөнінде шешенстандық журналист Рустем Қалиев тілшімізге былай деген.

- Менің пікірімше, басым көпшілік шешен қауымы бұл сайлауда дауыс беруге аса үлкен жауапкершілікпен қарайтын сыяқты. Оған себеп – бұл елде нағыз әкімшілік басшылықтың болмағанына көп уақыт болды. Және бәлкім, республика жетекшілігінде бірер өзгеріс жасауға да мүмкіншілік туып отырған шығар, - дейді Рустем Қалиев.

Қалиевтің айтуынша, Қадыровқа бақталас үміткерлердің бірінен соң бірінің тізімнен алынуы сайлаушыларды тағы да кезекті рет үмітсіздендіріп отыр. Ал кейбір талдаушылар болса Мәлік Сайдуллаевтің сайлау науқанынан шеттетілгендігіне үлкен алаңдаушылық білдіруде. Бұл жағдайға орай, таратылған бұрыңғы парламент мүшесі Хасан Атаев Шешенстан Жоғарығы сотының шешімін әдейі ұйымдастырылған тірлік дейді.

- Кім екендігін білмеймін, бірақ Сайдұллаевті президенттік бәсекеден алуға жоғарыдан бұйрық берілген, - дейді Хасан Атаев.

Ал Мәлік Сайдұллаев бұл мәселеге орай Ресей Жоғарығы сотына арызданбақ. Бірақ табыстан үмітті делінген бәсекелестің бірі Джабраилов, жергілікті қауым арасында алауыздық тумасын деп кеттім, десе, Аслаханов , менің ондай шешімге баруыма Ресей президенті Путинге кеңесші болып тағайындалғаным себепші болды, дейді.

Аслахановтың айтуынша, оның бұл президенттік бәсекеден кетуіне, сондай-ақ, белгілі саясаткер Руслан Хасбулатовтың да кеңесі түрткі болған. Хасбулатовтың маған айтқанындай, қалаудан тыс сайланған жетекшілерге федералдық әкімшілік бар кедергіні жасап бағады – зейнетақы төлемейді, су, электр жүелерін кеседі, тағы тағылар. Бірақ мен Русланға , егер сайлана қалсам, мен орталықпен қалайша жақсы байланыста бола аламын, деген күдік айттым.

Ал, Хасан Атаевтің пікірінше, Ахмад Қадыров орталықпен өзара сөз табыса алғанымен әсірешіл, бүлікшілдерге ұнамайды. Дегенмен, қазіргі жетекші Қадыровтың кезекті табысқа жетуі анық болып қалды. Оған себеп , осыдан 3 жыл бұрын Кремлдің қолдауымен билікке келген ол Шешенстандағы үлкенді-кішілі басшылық орындарына, мысалы, сот жетекшілігіне өз адамдарын тағайындап үлгірген. Қадыров Шешенстандағы бұқаралық ақпарат құралдарына өз әскерлерін жіберіп Грозныйдағы теле, радио бекеттерін Баспасөз министрі Бислан Ғантамировтан күшпен тартып алған. Ал, Қадыровтың ұлы Рамзан жікшіл топтардан құрылған сарбаздарды басқарады. Олар Қадыровқа қарсы ешкімді аямайды – азаптайды, көзін жояды. Сайдуллаевтің айтуынша, Рамзанның адамдары оның бір көмекшісін ұрлап әкетіп, төрт күн бойы азаптаған.

Рустам Қалиевтің айтуынша, Қадыровтың адамдары қылмыстық әлем аумағында өз белсенділіктерін барынша асыра бастаған. Ресейлік адам құқықтары белсендісі Элла Панфилова, сайлау күні дауыс беру учаскілеріне келетін Рамзан Қадыровтың сарбаздары сайлаушыларды үрейледіреді, дейді. Рустам Қалиевтің пікірінше, қалай болғанда да, түп-түбінде бұл сайлаудың да құрбаны жергілікті азаматттар болмақ. Оған тағы бір себеп, тізімнен шығарылған үміткерлердің сарбаздары Қадыровқа қарсы соғыс бастап жіберсе не болмақ, дейді шешенстандық журналист.
XS
SM
MD
LG