Accessibility links

Жақияновтың үстiнен қылмыстық iстер қозғалды

  • Төлеутай ТҰРАРҰЛЫ

Павлодар облысының бұрынғы әкiмi, Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының абақтыда отырған жетекшiсi Ғалымжан Жақияновтың үстiнен жаңадан 4 қылмыстық iс қозғалды.

Бұл туралы Қазақстанның Ұлттық қауiпсiздiк комитетi төрағасының орынбасары Қозыкөрпеш Кәрбозов қыркүйектiң 15-i күнi баспасөз мәслихатында мәлiмдедi. Оның айтуынша, қауiпсiздiк комитетi жыл басынан берi бюджет қаржысының талан-таражға салуына байланысты бiрқатар облыстарда тергеу жүргiзуде. Жақияновтың үстiнен қозғалған қылмыстық iстер - соның нәтижесi.

- Жақиянов қыркүйектiң 11-i күнi мемлекет басшысынан рақымшылық сұраған өтiнiшi негiзiнде жаңадан қылмыстық iс қозғамауды өтiндi. Оның есесiне белсендi саясаттан бас тартуға, Қазақстанның Демократиялық таңдауы қозғалысын қаржыландыруды тоқтатуға уәде бердi.Кәсiпкерлiкпен айналысуға жағдай туғызуды сұрады. Қостанай облысындағы Құсмұрын колониясында болған бұл әңгiме Жақияновтың келiсiмiмен бейнетаспаға жазылып алынды, - дедi Қозыкөрпеш Кәрбозов.

Ғалымжан Жақиянов пен оның адвокаты Елена Ребянчук көрiнiс беретiн бұл бейнетаспа баспасөз мәслихаты кезiнде монитордан көрсетiлдi. Өтiнiштi адвокат Ребянчук ханым оқиды. Ұлттық қауiпсiздiк комитетi төрағасының орынбасары Кәрбозовтың «Мұны растайсыз ба?»,- деген сұрағына Жақиянов «Растаймын » деп жауап бередi.

Сөз арасында Жақияновтың бұл өтiнiшiн қылмыстық жазадан жалтарудың айласы деп бiлетiн Кәрiбозов мырза тергеу iсi ендi ғана басталғандықтан, басы артық мәлiмет бере алмайтынын айтты. Дегенмен, Жақияновқа миллиартаған теңгенiң ұрлығы таңылып отырғанын жасырған жоқ. Мысалы, бiрқатар эпизодтар бойынша Жақияновтың қылмыстық iсiнде 3 миллиард 164 миллион 600 мың теңге және 1 миллион 600 мың АҚШ доллары көрiнiс беретiн көрiнедi.
XS
SM
MD
LG