Accessibility links

Жаңадан құрылған Мәдениет министрлігі және Ақпарат министрлігі


Жаңадан құрылған Мәдениет министрлігі және Ақпарат министрлігі елді демократияландыруға қаншалықты үлес қоса алады?

Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Қазақстан Президентінің Жарлығымен екі министрлік болып, Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі және Қазақстан Республикасының Ақпарат министрлігі болып құрылды. Осыған сәйкес Мемлекет басшысының «Қазақстан Үкіметінің құрылымы туралы» 1999 жылғы Жарлығына өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Қазақстан Президентінің Жарлығымен осыған дейін «Егемен Қазақстан» республикалық газеті Ашық Акционерлік Қоғамының президенті қызметін атқарған Сауытбек Әбдрахманов тағайындалса, Мәдениет министрі болып бұрынғы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім вице-министрі қызметін атқарған Дүйсен Қасейінов тағайындалды.

Мемлекет деңгейінде орын алған мұндай өзгерістерге мәдениет қызметкерлері қалай қарап отыр?!

Белгілі өнер қайраткері, Қазақстанға еңбегі сіңген әртіс, опера әншісі Кенжеғали Мыржықпаевтың ойынша, Мәдениет министрлігі болып бөлінген дұрыс. – Мәдениет министрі қызметіне келіп жатқан Дүйсен Қасейінов өнердің адамы. Жасы елуден асқан, орныққан. Енді олардың болашақтағы істеріне халық төреші. Басқа адамдар келгенше Қасейіновтің келгені дұрыс болды.

Ал республикалық «Гүлдер» ансамбілінің жетекшісі, белгілі эстрада әншісі Қыдырәлі Болманов былай дейді: « Мәдениет министрлігі жеке министрлік болып құрылғаны дұрыс шығар деп есептеймін. Кірісті-шығысты дүниелердің барлығы бір жерден болған дұрыс ғой. Ал Мәдениет министрі болған Дүйсен Қасейіновке келсек, ол бұрыннан мәдениет саласын басқару ісінде келе жатқан адам. Ісін алып кетеді деп есептеймін».

Әміре Қашаубаев атындағы байқаудың лауреаты, белгілі әнші Махмұт Тойкенов өзінің пікірін былай жеткізеді: «Әрине жеке министрлік болған дұрыс, өзінің жеке қоры болады. Содан кейін Дүйсен Қорабайұлының келгеніне де өз басым қуаныштымын. Өйткені, ол кісі өнер саласында жүрген үлкен-кішілі таланттардың бәрін жақсы таниды. Дәл қазір біз Қарағандының Тәттімбет оркестірімен сапарда жүрміз. Ондағы қыз-жігіттердің барлығы қуанып жатыр».

Ал елдегі мәдениет және ақпарат саласында орын алған соңғы өзгерістерге қазақастандық саясаткерлер қандай пікір білдіріп отыр?! Сауалымызды Парламент Мәжілісінің депутаты Амангелді Айталыға қойған едік. Ол кісінің жауабы төмендегіше: «Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінен екі министрлік жасау, меніңше дұрыс. Себебі, Мәдениет министрлігі деп министрлікті бөлу, қазіргі күні тәуелсіз еліміздің мәдениетін дамытуға әдейі көңіл бөлу деп білемін. Себебі, мәдениет деген күрделі ұғым. Мәдениет дегеніміз, ол тек қана мәдениет ошақтары ғана емес, жалпы халықтың рухын, халықтың деңгейін көтеретін мұның ішінде кино, өнер, театр. Ал дін – мәдениеттің ең жоғары деңгейі. Ал енді Ақпарат министрлігінің бөлек болуы, менің ойымша қоғамды демократияландыру саясатына көп көңіл бөлгеннің көрінісі болар. Себебі, бүгінгі күні ақпараттың алатын орын бөлек. Ақпарат бүкіл қоғамдық пікірді қалыптастырып ғана қоймай, сонымен бірге елді тәрбиелеуші күшке айналды. Елді аздыру да ақпарат құралдарының қолында. Сондықтан мен Үкіметтің қадамынан жақсы нышандар көріп отырмын».

Ал Парламент Мәжілісінің депутаты, Коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин мұндай өзгерістерді заңды түрде бағалау қиын дейді. Оның пікірінше: «Елбасының қандай шешім қабылдауы, оның негізі бар ма жоқ па, халықтың игілігіне жасала ма, ия болмаса қандай басқа бір тәртіппенен өзгерістер болып жатқанын мен өзім оншақты жыл болды аңғара алмаймын. Себебі, мұнда бір заңдылық жоқ. Ойға сиятындай жағдай жоқ. Оны айтып отырғаным, бұрын Мәдениет министрлігін о баста жоймау керек еді. Дүниежүзі елдерінің барлығында бар министр. Ақпарат министрлігін соған қосып былықтырып, енді оны қайтадан бөліп жатқандығының өзі, менің ойымша уақытында Назарбаевқа біріктіру керек болды. Енді қазір өзінің адамдарын бөлек-бөлек қою үшін оны ажырату керек болды. Сол себептен Елбасы өзіне кім керек, соны қоятын жағдаймен құрады министрлікті. Бұл бір деңіз, екіншіден, қойып отырған адамдары мына демократиялық жолды ұстап, өз бетімен жұмыс істей алмайды. Оларға не айтады, қалай істе дейді, солай істейді. Тұр десе тұрады, жат десе жатады».

Мәденит қайраткерлерінің және саясаткерлердің пікірі осындай.
XS
SM
MD
LG