Accessibility links

БАҚ туралы заң жобасы баспасөздің мүддесін ескере ме?


Соңғы 12 жылдың ішінде Қазақстанда баспасөз туралы заң екі мәрте қабылданды.

1991 жылдың маусым айының 28-інде қабылданған алғашқы заң ұзақ жылдар бойы коммунистік цензураның құрсауында болып келген қазақстандық журналистерге тың серпін беріп, елде жаңадан көптеген бұқаралық ақпарат құралдарының құрылуына жол ашты. Соның арқасында өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының алғашқы жартысында республиканың баспасөз кеңістігінде мемлекеттік ақпарат құралдарымен бірге алғаш рет жеке меншік нысандағы басылымдар мен телерадиокомпаниялар пайда болды.

Мемлекеттік емес сектордағы басылымдар мен электронды ақпарат құралдарында елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси проблемаларының түрлі қырынан талқылануы оларға жұрттың назарын аударған болатын. Мәселен, сол кезде жүргізілген сауалнамаларда Алматының көрермендері арасында коммерциялық арналардың беделі мемлекеттік арналармен салыстырғанда 30 пайызға жоғары болғаны тіркелген.

Алайда, мұндай еркіндіктің дәурені ұзаққа бармады. Тоқсаныншы жылдардың екінші жартысынан бастап Қазақстан үкіметі тарапынан телерадиохабарларының жиіліктеріне рұқсат алу үшін жүргізілген тендерлік конкурстар елде өз аудиториясына танылып үлгірген 30-ға жуық электронды ақпарат құралдарының жабылуына әкеп соқты. Есесіне, осы кезден бастап Қазақстанның ақпарат кеңістігінде жоғары билік басындағыларға етене жақын топтың иелігіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының үстемдігін орнату саясаты жүргізіле бастады.

Ал, 1999 жылдың шілде айының 23-інде Қазақстанда екінші рет қабылданған бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға тәуелсіз сарапшылар сөз еркіндігін елеулі түрде шектейтін заң деген баға берді.

Міне, енді биыл Қазақстан үкіметі өзі дайындаған баспасөз туралы заңның кезекті жобасын парламенттің қарауына енгізді. Үкімет бұл жолы да қоғамдық ұйымдардың пікірімен санаспай отыр дейді «Әділ Сөз» қорының жетекшісі Тамара Қалеева.

- Үкіметтің ұсынып отырған жобасы елдегі ақпарат құралдарына бақылауды күшейтіп, баспасөздің жағдайын мүшкілдендіреді. Заң жобасына сәйкес ақпарат министрлігіне кез-келген сылтау айтып бұқаралық ақпарат құралын тіркеуден өткізбей тастауға құқық берілген. Мұндай жайт Қазақстанның ақпарат министрлігін бәрін өзі билеп-төстейтін құбыжыққа айналдырады, - дейді Т.Қалеева. Заң жобасына байланысты мұндай пікірді мемлекеттік телеарна қызметкері, журналист Айна Задабек те қостайды.

Айна Задабек, журналист: - 8-ші бапты алып қарар болсақ, республикадағы барлық БАҚ-тардың іс-қимылын мемлекеттік өкілетті орган қадағалап отыратыны жазылған. Демек, бұл тәуелсіз журналистикаға шектеу қояды.

Қазақстанда орыс тілінде жарық көретін «Время» апталығының тілшісі Ирина Севостьянованың пікірінше журналистер үшін жобада бір ғана жағымды жаңалық бар, ол 32-баптағы баспасөз құралының үстінен оларда жарық көрген мақала бойынша сотқа талап арыз беру үшін белгіленген бір жылдық уақыт мерзім. Қазірде қолданыста жүрген заң бойынша азаматтар мен заңды ұйымдар баспасөзге қарсы сотқа жүгінгісі келсе кез-келген мерзімдегі, тіпті бұдан 100 жыл бұрынғы мақаланы көрсетсе де сот ол істі қарауына алады.

- Алайда, бұдан өзге журналист үшін бұл заң еш жақсылық әкелемейді. Мәселен, қазірде Қазақстанда журналистер мен ақпарат құралдарына қарсы қаралатын сот істерінің 70 пайызы баспасөз арқылы айтылған пікірге қатысты болып келеді. Ал пікір дегеніміз не? Ол туралы жобада ештеңе ашып айтылмаған, - дейді Ира Севостьянова.

Сонымен баспасөз туралы заң жобасының ендігі тағдыры парламент депутаттарының қолында. Бірқатар сарапшылар алдағы жылы күзде кезекті парламент сайлауы келе жатқандықтан депутаттар үшін ақпарат құралдарына өздерін ұнамды жағынан көрсетуге мүмкіндік туып отырғанын айтады. Ал, сайлауда кім де болса қашанда баспасөздің ықпалына арқа сүйейтіні мәлім. Мұны жоғары билікте отырғандар да ескерусіз қалдырмайды. Өткен аптаның соңында Қазақстан президентінің жарлығымен мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің дербес екі министрлікке бөлінуі соны аңғартса керек.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG