Accessibility links

Депутат Төлен Тоқтасынов: "Жақиянов саясаттан кетем деп өтініш жазған жоқ"


«Ғалымжан Жақиянов егер маған рахымшылық жасаса саясат сахнасына шығудан бас тартамын деп өтініш жазған жоқ». Мұндай мәлімдемені қыркүйектің 17-күні журналистермен баспасөз брифингін өткізген Парламент Мәжілісінің депутаты, Демократиялық таңдау қозғалысының саяси кеңесінің жетекшісі Төлен Тоқтасынов айтты.

Оның айтуынша, қыркүйектің 15-де Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті бұқаралық ақпарат құралдарына Ғалымжан Жақияновтың үстінен тағы да төрт бірдей қылмыстық іс қозғалғандығын және Жақиянов егер маған кешірім жасаса саясаттан кетемін және Демократиялық таңдау қозғалысын қаржыландырудан бас тартамын деп мәлімдейтін күні, ол Құсмұрында Жақиянов отырған абақтыға болған. Төлен Тоқтасынов Ғалымжанмен кездесу барысында оның аузынан осылай өтініш жаздым деген ешқандай сөз шықпағандығын айтады.

Сонымен қатар депутат Төлен Тоқтасынов осыдан бір жұма бұрын Қазақстандағы қылмыстық атқару комитетінің төрағасы Нұрлан Смағұловқа «Неге Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Ғалымжан Жақиянов жатқан абақтыға баруды жиілеп кетті?» деген депутаттық сауал жолдағандығын, оның жауабын кеше алғандығын, онда Жақияновқа ашылған жаңа қылмыстық істерге байланысты тергеу жұмысы алдында жүргізілген шаралар деп жазылғандығын мәлімдеді.

Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері өткізген баспасөз мәслихаты кезінде Жақияновтың саясаттан кетемін деген өтінішін айғақтау ретінде көрсеткен бейне таспаға қатысты депутат Төлен Тоқтасынов қыркүйектің 18-күні Жақияновтың қорғаушысы Елена Ребенчук Алматыда баспасөз мәслихатын өткізетіндігін, сонда ол барлығын түсіндіріп беретіндігін мәлімдеді. Бейне таспаға қатысты депутат Тоқтасыновтың жеке ойы бейне таспаны монтаждаған болу керек дейді, өйткені онда Ғалымжан Жақиянов екі-ақ ауыз сөз айтқан.

Ғалымжан Жақиянов – бұрынғы Павлодар облысының әкімі, Демократиялық таңдау қозғалысының жетекшісі, мемлекеттік қызметін асыра пайдаланды деп жеті жыл бас бостандығынан айрылып, қазір Құсмұрындағы абақтыда отыр. Ол осыдан бір ай бұрын Қазақстан Президентінің атына кешірім жасау жөнінде өтініш хат жазған болатын. Алайда екі күн бұрын Ұлттық қаупсіздік комитетінің өкілдері Жақияновтың үстінен жаңадан төрт бірдей қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Онда бірақатар эпизодтар бойынша, 3 миллиард 164 миллион 600 мың теңге және 1 миллион 600 мың АҚШ долларын жымқырған деген көрініс береді.
XS
SM
MD
LG