Accessibility links

Сайлауды бақылау қоғамдық комитеті: «Сайлау науқаны тұрғындардың құқықтық мәдениеті төмен екенін байқатып отыр»


Алдағы жексенбі күні Қазақстанда жергілікті мәслихаттарға депутат сайлауы өткелі отыр. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, елде осы сайлауды бақылау жөніндегі қоғамдық комитет құрылған болатын.

Сәрсенбі күні аталмыш комитет мүшелері Астанада баспасөз маслихатын өткізіп, сайлау науқанына қатысты үміткерлерден 20-ға жуық арыз-шағым келіп түскенін хабарлады.

Тамыз айында осы «Сайлауды бақылау қоғамдық комитетін» ұйымдастырған Қазақстанның Жастар конгресі мен «Құқықтық Қазақстан үшін» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының өкілдері алдағы мәслихат сайлауының әділ және еркін өтуін мақсат тұтып құрылғандарын мәлімдеген болатын.

Сәрсенбі күні Астанада баспасөз мәслихатын өткізген қоғамдық комитет төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешевтің айтуынша, осы уақытқа дейін оларға Қазақстанның әр аймағындағы үміткерлерден 20-ға жуық арыз-өтініш келіп түскен екен. Қоғамдық комитет келген арыздардың 3-ін республиканың Бас прокуратурасына жолдапты. Қазір ол жақтан жауап күтіп отырмыз дейді Н.Өтешев. Оның айтуынша өтініштердің көпшілігінде үміткер өз бәсекелесін сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары кезінде сайлаушылар үшін тегін концерттер ұйымдастыру, ақысыз дәрі-дәрмектер тарату т.т. секілді әрекеттерге барып, сайлау туралы заң талаптарын бұзған деп айыптаған. Алайда, қоғамдық комитет мүшелері өздеріне келіп түскен арыз-өтініштер бойынша бір де бір істің сотқа жетпегенін айтты.

Н.Өтешев, «Сайлауды бақылау қоғамдық комитеті» төрағасының орынбасары: - Ол шағымдарды саралай келгенде аталған заң бұзу жайттарын сотта дәлелдеудің өте қиынға түсетініне көз жеткіздік. Бұған бір жағынан тұрғындар мен осы сайлауға түсіп отырған үміткерлердің құқықтық мәдениетінің төмендігі де себеп болып отыр.

Мұндай пікірді «Қазақстанның отаншыл жастар ұйымының» мүшесі Жанбота Қарашолақов та қостайды:

- Халықтың құқықтық білім деңгейі төмен деген пікірмен мен де келісемін. Қазір біз осы сайлауды бақылаушылар үшін арнайы сабақ өткізіп жатырмыз. Ал Орталық сайлау комиссиясының не болмаса қалалық сайлау комиссиясының тарапынан мұндай шаралар жүргізіліп жатқан жоқ. Менің ойымша қазіргі сайланғалы отырған мәслихат болашақта сайлау комиссияларын сайлап қоятын болады. Сол себепті билік қазір қолындағы барлық әкімшілік құралдарын осы жолғы сайлауға жұмылдырып жатыр.

Ал, Астана қалалық мәслихатының депутаттығына үміткер болып тіркелген 20 жастағы студент Маханбет Әбжан тамыз айында үміткер болып тіркелгенімен, сайлау алдындағы үгіт парақшалары тек қыркүйектің 17-і күні ғана қолына тигенін айтады. Яғни, заң бойынша Махамбеттің сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмысын жүргізуіне екі-ақ күн қалды.

- Мұның бәрі биліктің жасап отырғаны. Менің сайлау парақшаларымды шығаруға бөлінуі тиісті қаражатты әкімшілік әдейі кешіктіріп келді, - дейді Астана қаласының мәслихат депутаттығына үміткер М.Әбжан.

Сәрсенбі күні Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы алдағы жексенбі күні өткелі отырған мәслихат сайлауына бақылаушы ретінде халықаралық ұйымдардан 22 адамның тіркелгенін хабарлады. Бұлардың арасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының 9 өкілі және Ұлттық демократиялық институт пен Халықаралық республикалық институттың әрқайсысынан екі адамнан тіркелген. Ал бейсенбі күні кешкісін Қазақстанның орталық сайлау комиссиясы «Хабар» агенттігі арқылы республика жұртшылығы үшін сайлау кезінде дауыс беру тәртібі туралы арнайы телесабақ өткізгелі отыр.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG