Accessibility links

Қостанай, Жамбылдағы қазақ ауылдарының жәй-күйі


Қостанай, Жамбыл облыстарын аралап қайтқан азамат Қажы Қорған сондағы қазақ ауылдарының жәй-күйі туралы баяндайды

- Қазақстан Үкіметі Ауыл бағдарламасын қабылдағалы бері оның алғашқы тоғыз айы өтті. Демек, ауылға деген көмекті жергілікті халық сезіне білді ме?

-Елді аралап қайттық, Қостанай облысының Алтынсарин ауданында болып, жұршылықпен сөйлесіп, хал-күйін көзімізбен көрдік,- дейді Қажы Қорған.

Бұрынғыдай қарап отырған адам жоқ, бәрі еңбек етіп, тыныш таппайды. Алайда ауыл жылы деген әңгімені естігенде қабақтары түксиіп, тыжырынып қалады. Олай деуге себеп, ауыл халқы ешқандай жәрдем көріп отырған жоқ. Несие алу деген өте қиын нәрсе. Мысалы, ширек ғасыр директор болған азамат облыс әкімінің орынбасарына кіріп жүріп, рұқсат алғандағы несиесін үш ай жүгіріп жүріп, әбден күз түскенде әзер алған. Алайда керек кезінде берілмеген ол қаржының енді қажеті шамалы.

Ал қарапайым ауыл еңбеккеріне несие алу мүмкін емес. Осыған жұртшылық налиды. Жергілікті билік басындағылар да маңайына жолатпайды. Әкімдерден қайыр жоқ болған соң қарапайым адамдардың көңілі құлазып қалған.

Жағдай барлық жерде бірдей емес, әрине. Жамбыл облысының Талас ауданында болған Қажы Қорған осы өңірде мал көбейе түскенін айтады. Сондағы Батырхан Күлекеев деген аудан әкімі малшыларды ынталандыра білген.

Ал Қостанай облысына мемлекет, үкімет басшылары келе қалса, лауазым иелерін арнайы дайындалған жақсы шаруашылықтарға апарады да, ал қирап, бүлініп жатқан дәл соның іргесіндегі елді -мекендерді көрсетпейді. Билік басындағылар бағдарламасын сәл өзгертіп, өзге жерлерді көрсе ғой, сонда шынайы көрініске көздері жетер еді, дегенді айтады Қажы Қорған.

Сонымен, ел ішіндегі жағдай ала-құла. Көпшілігіндегі ахуал аса мәз емес. Жағдайдың асқынып, елдің азып-тозып кетуіне революциялық жолмен төңкеріс жасаудың зардабы көп тиді. Соның бір көрінісі жаппай жекешелендіруден анық байқалады. Айталық, әбден титығы біткен, тұралап қалған шаруашылықтарды таратып, жекешелендіруге болар. Ал тәп-тәуір жұмыс істеп, елді асырап отырған шаруашылықтарды ыдыратып, жоқ қылу мүлде дұрыс емес, дегенді айтады Қажы Қорған.

Түйіндеп айтқанда, үкіметтің елге жәрдем берейік, ауылға бет бұрайық деген ниеті дұрыс. Ауыл бағдарламасына орай қыруар қаржы бөлінуде. Бірақ сол қаражат қайда кетіп жатыр, мәселе сонда. Осыны ашық түрде елге жариялап, есебін беріп отырса ғана іс оң нәтижесін береді.
XS
SM
MD
LG