Accessibility links

Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбай: «Өзбекстандық шекарашылар шамамен 17 Қазақстан азаматына оқ атқан»

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Осыған дейін өзбекстандық шекарашылар шамамен он жеті Қазақстан азаматына оқ атқан. Мұндай мәліметтер қыркүйектің 17-күнгі Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Жармахан Тұяқбайдың депутаттық сауалында айтылды.

Парламентке Қазақстан – Өзбекстан мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу бекеттері туралы Келісімді бекіттіруге келген Ұлттық Қауіпсіздік Қомитеті төрағасының орынбасары Мақсұт Нұриманов Өзбекстан мен Қазақстан шекарашылары арасындағы туындап отырған мәселеге мардымды жауап қайтара алмады. Ол көбінесе кінәні қазақстандық азаматтарға артып және Қазақстан мен Өзбекстан арасында Достық келісімін алға тартып, көршілес мемлекеттермен ара-қатынасымызға салқын түспеу керек дегенді қайталай берді.

Бірақ бұл мәселеге қатысты Мәжіліс спикері Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті өкілінен тұшымды жауап ала алмағандығын тілге тиек етіп, Қазақстан – Өзбекстан шекарасында бейбіт азаматтарға оқ атылу жағдайының жиілеп бара жатқандығын айтып, мәселені төтесінен қойды. Ол сөзінде көбінесе қаруды көп қолданатын өзбекстандық шекарашылар деді. «Оңды-солды бейбіт жүрген азаматтарға сен біздің жаққа өтіп кеттің деп бас салып, оқ ата береді. Ол біздің достығымыздың белгісі ме, достық тек ғана бізге керек пе?!»,– дейді Парламент Мәжілісінің төрағасы.

Спикер Жармахан Тұяқбай Ұлттық Қауіпсіздік Комитетін көбінесе Өзбекстан жағының мәліметтерімен шектеліп қалады деп кінәләды. Сонымен қатар қазақстандық лауазымды тұлғаларға «Азаматтарымызды конституциялық тұрғыда неге қорғамаймыз? Мұқтаждары болса неге қамтамасыз етпейміз? Біздің мемлекеттігіміз қайда?!»,– деген мәселелер көтерді. Ол бұл жерде осы мәселенің бәрін қару қолданып, қоқан лоқы жасау керек деген ойда айтпағандығын, мұның бәрін саяси дипломатиялық жолмен шешуге болмас па деген тұжырымын келтірді. Спикер сөзінің қорытындысында Өзбекстан Президентінің «қазақ пен өзбектің мазары да, базары да бір» деген сөзін келтіріп, алайда бүгінгі күні базарға баратын жол мазарға айналып бара жатқандығын айтты.
XS
SM
MD
LG