Accessibility links

"Ирақтағы саяси билікті тез арада ирақтықтардың өз қолына беру керек"


Ирақ мәселесіне АҚШ-ша емес, басқаша қарайтын Франция, Германия, Британия жетекшілері осы сенбі, жексенбі күндері Берлинде бас қосып, ортақ бір ұстанымға келмек.

Германия мен Франция болса Ирақтағы саяси билікті мейлінше тезірек ирақтықтардың өз қолына беру керек деп біледі.

Ираққа байланысты Вашингтон БҰҰ-ның қолдауын алғысы келеді. Ал, Франция мен Германия болса Ирақ тәуелсіздігін тезірек қалыпқа келтіру жағында. Париж Ирақтың жергілікті үкіметтері ары кетсе ай ішінде қалыпқа келуі керек деп біледі. Вашингтон жоспары бойынша Ирақта толық үкімет құралып үлгергенше екі жылдай уақыт өтуі мүмкін. Енді Вашингтондағы Стратегиялық зерттеулер орталығының маманы Мишел Флорной ханымның пікіріне ден қоялық:

"Буш әкімшілігі кәзір бір жоспар құрып отыр. Ол жоспар бойынша ирақтықтар яғни Ирақты Басқарушы Кеңес бұл елдегі саяси өтпелі кезең кестесін өздері жасауы керек".

Ирақтың өтпелі кезеңі мәселесі сенбі күні Берлинде басталғалы отырған Германия, Франция, Британия лидерлерінің де әңгімесінің негізгі арқауы. Франция мен Германия о бастан Ираққа қарсы соғысты қолдамаса, Британия ҚШ мен бірігіп Ирақты басып алғаны аян. ҚШ мемлекеттік департментінің Таяу шығыс бойынша кезінде маманы болған талдаушы Дэвид Филипс Вашингтон Ирақты демократиялық үкімет билігіне тапсырғысы келеді дейді:

"Алайда, бұл уақыт алатын тәрізді. Ең кемінде бір жылдай уақыт алатын тәрізді."

Маманның ойынша бұл елде жасалатын алғашқы қадам конституция қабылдау болуға тиіс. Бүгінде Ирақтағы билік иесі Басқарушы Кеңес ел конституциясын жасау үшін қандай шараларды қолға алу керек екендігі жөнінде өз қорытындысын айтпақ. Конституция заңды болу үшін жергілікті басшылар конституциялық комиссияны сайлауы керек дейді Филипс:

"Бұл үдерістің заңды болуы маңызды. Ол үшін сіз жергілікті басшыларды конституциялық комиссияны сайлауға қатыстыруыңыз керек."

Талдаушы Филипстың ойынша конституция жобасы жалпы халықтық деңгейде талқыланудан өтіп, жөндеулер еңігізілгеннен кейін ғана оны Басқарушы Кеңес жергілікті және қала басшыларымен қосыла отырып қабылдауы керек. Бұл үдеріске БҰҰ - мен ҚШ басшылық етуі керек дейді маман. ҚШ-ның қандай Ирақты қалап отырғандығы жөнінде саясаттанушы Мишел Флорной ойын былай қорытты:

"Олар, яғни Құрама Штаттары Ирақта ұрдажық күштердің билік басына келгенін қаламайды. Азшылық ұлттардың құқын қорғамайтын жүйені қаламайды. Діни мемлекет болғанын қаламайды. Бекзаттық мемлекет болғанын қалайды."

Жоғарыда пікір айтқан екі саясаттанушының екеуі де Ирақтағы осынау демократиялық үдерістердің бәрі де БҰҰ бақылауы аясында жүргізілуі керек деп біледі. БҰҰ-ның Ирақта роль атқаруы мүмкін екендігі жөнінде осы ұйымның бас хатшысы Кофи Аннан дүйсенбі күні былай деді:

"Бізде саяси үдерістерді демеу жөнінде мол тәжрибе жинақталған. Демократиялық жолмен сайланған үкімет құруда, конституция жасақтауда бізде тәжрибе бар. Бірақ біз Ирақтың ішіне кіріп алып оны басқарудан аулақпыз".

Бұл Кофи Аннанның пікірі. Енді тағы да саясаттанушы мамандарға оралар болсақ, Дэвид Филипс Ирақтағы өтпелі кезең жалпы алғанда екі жылға созылуы мүмкін деп біледі, алайда жақсы дайындалған сценарий болса, ол мерзім бір жылда да аяқталуы мүмкін дейді.

"Бұл үдерістің шапшаңырақ өткенін кім қаламайды? Мәселе тек сенімді ирақтықтардың іске араласуында болып отыр."

ҚШ президенті Джордж Буш алдағы аптада өтетін БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында Ирақ тәуелсіздігін қалпына келтіру мерзімі туралы Германия канцлері Герхард Шредермен кездесуінде ортақ мәмілеге келуі мүмкін көрінеді. Бұл кездесу екі лидердің араға жыл салып кездесуі. Содан кейін, яғни алдағы аптадан кейін Буштың Ресей президенті Владимир Путинді қонақ ретінде қабылдауы кезінде де, Ирақ тәуелсіздігін қалыпқа келтіру мәселесі көтерілгелі отыр.
XS
SM
MD
LG