Accessibility links

«Тіл - мәдениет мұраларына бастар жол» атты республикалық байқау өтті

  • Саясат БЕЙİСБАЙ

Жылдағы дәстүр бойынша биыл да Қазақстанда тілдер мерекесі өтеді. Осыған орай бейсенбі күні Алматыда "Тіл - мәдениет мұраларына бастар жол" атты республикалық байқау өтті.

Жыл сайын 22-қыркүйекте атап өтілетін Халықаралық тілдер күні мерекесіне арналған бұл байқауды өткізуге ҚР мәдениет министрлігі мен Қазақстан халықтарының Ассамблеясы мұрындық болды. Байқауға тілдер күні мерекесі қарсаңында республиканың барлық облыстары мен Астана және Алматы қалаларында өткізілген байқаулардың жеңімпаздарынан құралған әр ұлт өкілдерінен 15 адам қатысты.

Қазақ халқының тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін меңгеру біліктілігін анықтау мақсатында 5 номинация бойынша өткізілетін бұл байқаудың мақсаты - Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын насихаттау.

Байқауға қатысқан неміс, кәріс, орыс, грек, басқа да ұлт өкілдерінен шыққан жастар мемлекеттік тілдің майын тамызып, мақалдатып-мәтелдетіп, тамылжыта ән салып, жұртшылықтың құрметіне бөленді.

"Жүзім өзге болса да жүрегім бір", "Қанша тіл білсең, басқадан сонша кез биіксің" деген нақыл сөздерді алға тартып, қазақ тілінде жаңылмай сөйлеп, қазақ әндерін құйқылжыта шырқаған әр ұлт жастары мемлекеттік тілге деген құрмет-ілтипатын осылайша білдірді.
XS
SM
MD
LG