Accessibility links

Оңтүстік Кавказ еліне Европа одағы өзінің арнайы өкілін тағайындады

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Оңтүстік Кавказ аймағы үшін тағайындалған алғашқы арнайы өкіл Хейки Талвитиенің айтуынша, Европа одағы Әзірбайжан, Армения және Гүржістан елдерімен бірден жақын байланысқа еніп кете алмаса да, болашақта ұзақ мерзімді қарым-қатынаста болуға ынталы.

Хейки Талвитиенің Европа одағынан Оңтүстік Кавказ аймағында алғашқы арнайы өкіл болып тағайындалуы бұл одақтың енді Әзірбайжан, Армения, Гүржістанмен де жақыннан қызыға бастағандығынан белгі беретіндей деп жазады тілшіміз.

Европа одағы бұл 3 елмен бірден қоян-қолтық араласқа еніп кете алмаса да, болашақта өзара әріптестік және ынтымақтастық байланыстарды нығайтуға әрекеттенуі мүмкін.

Хейки Талвитие шілде айында басталатын өзінің жаңа қызметіне орай тілшімізге былай дейді.

- Жыл басында кеңейтілген Европа идеясы ұсынылып, ол топқа Оңтүстік Кавказ елдері еңгізілмеген кезде ол аймақтан бірталай сыни, өкпелі сөздер айтылған болатын. Міне сондықтан, Европа одағы осы шараны қолға алып отыр. Талвитие бұрынғы сәуеттік аймаққа екінші рет дипломатиялық қызметпен келіп отыр. Ол 1995 жылы Финляндияның Мәскеудегі елшісі болса, 1996 жылы ЕҚ және Ынтымақтастығы ұйымының Таулы Қарабақ мәселесімен айналысқан Минскі тобын басқарған.

Талвитие өз мойнындағы міндеттің аса жеңіл еместігін мойындайды, себебі бұл аймақта қауыпсіздіктің ауылы әлі алыстау.

- Бұл 3 мемлекет және ол аймаққа қызығып отырған елдердің ортақ мақсаты – аймақтық тұрақтылық. Ал тұрақтылық қуатты елдерге де қажет нәрсе, - дейді Талвитие.

Талвитиенің айтуынша, Европа одағының негізгі саясаты - демократиялық турақтылық. Оның пікірінше, Оңтүстік Кавказдағы жағдай күрделі. Ол арадағы тұрақтылыққа қол жеткізу үшін жаңа реформалар қажет.

Талвитие бұл аймақтағы негізгі 3 даулы жанжалды шешу қажет деп есептейді. 1-ден, Таулы Қарабақ жөніндегі әзірбайжан - армения жанжалы. Оны Минскі тобы өз міндетіне алған. 2-ден, Гүржістаннан бөлініп шыққан Абхазия мәселесі.

Оған БҰҰның Достар тобы бақылау жасайды. 3-ден, тәуелсіздік аңсайтын Оңтүстік Осетия мәселесі, сондай-ақ Кавказдағы өзге де бірқатар шағын ұлттардың жағдайы.

Өкіл Оңтүстік Кавказ бен Ресей арасындағы байланысқа да назар аударады.

- Ресейдің бұл аймақпен терең тарихы бар. Ресей бұл аймақпен саяси, әскери, мәдени тарих арқылы да мүдделі байланыста. Сондықтан Ресей ол аймаққа әрқашан мүдделі көзбен қарайды. Сондай-ақ Оңтүстік Кавказ АҚШ пен Европа одағының да жіті назарында, - дейді Талвитие.

Талвитиенің пікірінше, Европа одағының Оңтүстік Кавказдағы 3 елмен өзара ынтымақтастық байланысында жергілікті жетекшілердің де орны ерекше.

- Европа одағының бұл елдермен өзара ынтымақтастығының жағымды бір көрінісі - 3 мемлекет те одаққа өз еріктерімен кірмекші. Олар Европалық нормаларға құрметпен қарайды. Олар өз заңдарын демократиялық даму бағытында европалық стандартқа сай сәйкестендірмек, - дейді өкіл.

Әзірбайжан, Армения және Гүржістанның сыртқы істер министрлері қыркүйектің 29-да Брюссельде болып, өз мемлекетттері атынан, Европа одағымен өзара жақын байланыс жөніндегі ниеттерін тағы да бір рет ресми түрде білдірмек.
XS
SM
MD
LG