Accessibility links

“Маңғыстау түрмесінде отырғандарға қауіп бар…”


«Маңғыстау облысындағы барлық еңбекпен түзету орындары 1960-шы жылдардың ортасында салынған. Олардың 70 пайыздан астамы апатты жағдайда тұр.

Жөндеу жұмыстарын жүргізуге келмейді. Ондағы адамдардың өмірі қауіпті жағдайда болуда.»

Қыркүйектің 18-і күні Парламент Сенатының депутаты Леонид Бурлаков, осы жағдайды Премьер-министр Даниал Ахметовке сауал етіп жолдады.

Леонид Бурлковтің айтуынша, әсіресе, ГМ 172/2 деп аталатын колонияның жағдайы ауыр. Онда туберкулезбен ауыратын сотталғандар отыр.

Колония газ өңдейтін зауыттан бірнеше метр қашықтықта орналасқан. Апатты жағдайда тұр. Суды көлікпен тасымалдайды. Колонияға қажетті инфрақұрылымдар жоқ.

Депутат 360 мың халқы бар Маңғыстау облысында 4 колонияның болуын дұрыс деп есептемейді. Өйткені, заң бойынша сотталушы жазасын өз тұрғылықты жерінде өтеуі керек. Депутат үшін Батыс Қазақстан облысындағы барлық туберкулезбен ауыратындарды климатикалық жағдайы белгілі Маңғыстау облысына жинау түсініксіз болып отыр. Сондықтан да Леонид Бурлаков Үкімет басшысынан Маңғыстау облысындағы туберкулез аурларына арналған арнайы колонияны жабу мәселесін қарауды сұрады.

Ал, Қарағанды облысындағы колонияларда жазасын өтеп жатқандардың жағдайы, бостандықта жүргендерден жақсы көрінеді. Сенат депутаты Уәлихан Қайсаров, колонияны аралағанда осындай әсер алыпты.

Уәлихан Қайсаровтің айтуынша, жазасын өтеп жатқандардың көпшілігін есірткі заттарын пайдаланғандар алады.

«Қылмыстық Кодекстің 259-шы бабы бойынша есірткі тартқан адамдар жауапқа тартылады. Меніңше ол дұрыс емес. Қазір қазақстанда түрмедегі адамдардың 60 пайызға жуығы осы бап бойынша отыр. Қарағандыда 70 пайызы отыр.»

Қарағанды облысы СПИД ауруы көп кездесетін өңір екені белгілі. Уәлихан Қайсаров мұндай сотталғандарды оқшау ұстау жағдайы қатаң сақталатынын айтты.

«Бірінші қыркүйекке алынған мәлімет бойынша Қарағанды облысында 1265 адам СПИД-пен ауырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының рекомендациясы бойынша осы санды онға көбейту керек. Себебі, 1265 адам реси түрде тіркелгені. Қарағанды облысы бойынша әр 100 адамның біреуі СПИД-пен ауырады. Мұндай адамдар түрмеде бар. Бірақ олар бөлек ұсталады. Оларды жалпы камерада ұстамайды.»

Депутат жуық уақыттарда Қылмыстық кодекстің 259-шы бабының 1-ші бөлімін алып тастау мәселесін қолға алмақ.
XS
SM
MD
LG