Accessibility links

Дариға Назарбаеваның жаңа бір қыры

  • Гүлмира ХАМЗА

10 қырқүйек күні Қазақстан Президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаева Ақтөбе облысына ресми түрде «Асар» атты қоғамдық бірлестіктің жетекшісі ретінде келді.

«Қазақ ақпарат агенттігінің» хабарлауынша, Ақтөбедегі мемлекеттік университеттің студенттерімен кездесу барысында Дариға Назарбаева жастарды жаңа бірлестік қатарына қосылуға шақырды.

Қазақстандағы кейбір сарапшылардың мәліметтері бойынша, «Хабар агенттігі» жабық акционерлік қоғамның директорлар кеңесінің төрайымы Дариға Назарбаева «Асар» бірлестігі негізінде партия құруы мүмкін. Осылай бақылаушылардың пайымдауынша, Дариға Назарбаева президенттікке жол ашуы ықтимал.

Осы мәселе төңірегінде біз кейбір саясаткерлердің пікірін білуге тырыстық. Қазақстанның «Азаматтық» партиясының жетекшісі Азат Перуашев жаңа партия дүниеге келсе, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты қозғалысты қолдағандай, өз мүмкіндігінше қолдау көрсетуге дайын.

Азат Перуашев, Қазақстанның «Азаматтық» партиясының жетекшісі: - Меніңше, әр адамның саяси партия, қоғамдық қозғалыс, бірлестік ұйымдастыруға құқығы бар. Бұл демократияға сай, сол себептен партиялар көп болсын, іске сәт, дейміз. Мысалы, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестік дүниеге келгенде біз оларға жақсы баға бердік. Себебі бірлестік оппозициялық болсын, үкіметтік болсын, бірақ саяси қозғалыстар, партияларға өте қажет. Сол себептен жаңа партия дүниеге келсе, бұл дұрыс, деп ойлаймын.

Дариға Назарбаеваның сөзіне жүгінсек, Қазақстанның саяси өмірінде пайда болған жаңа бірлестік мемлекеттегі өзекті әлеуметтік- экономикалық, саяси мәселелерді шешуге тырысады. Осы мақсатта Дариға Назарбаева Қазақстандағы бар күшті біріктіруге дайын. Саясаткер Сейдахмет Құттықадамның пайымдауынша, бұл жаңа бірлестік артында мұрагерлік ойы болуы мүмкін.

Сейдахмет Құттықадам, саясаткер: -Дариға Назарбаеваны соңғы 5-6 жылда әр-түрлі салада көрсетіп жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдарын басқарды, ән айтып жүр, енді партия ашуы мүмкін. Партия ашқанда, менің ойымша, бұл “Отан” партиясына ұқсас партия болады. Ал бұл партияның келешегі қандай болатынын көреміз, бірақ бұл жерде мұрагерлік мәселесі туындап отыр. Президент көптен бері, мұрагерім кім болады, деп ойланып жүр. Менің ойымша, президент қызын орнына қалдырғанымен, бұл көпке созылмайды. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жеке шаруасының барлығын бітірді ғой, кедей емес, сол себептен қызын орынана қалдырудың қажеті жоқ. Осы біздегі шенеуніктер өздерінің атын қалдырғысы келеді, бірақ атаққа ие болу үшін жақсылап жұмыс жасау керек.

Бақылаушылар мен сарапшылардың болжамы бойынша, болашақта «Асар» атты партияға, «Отан» немесе «Азаматтық» сияқты билікке жақын партиялардың мүшелері өтуі мүмкін. Қазақстанның «Азаматтық» партиясының бірінші хатшысы Азат Перуашев, мұндай қадам жасаған азаматтарды сынға алмайтынын жеткізді.

Азат Перуашев, Қазақстанның «Азаматтық» партиясының жетекшісі: - Адамның өзінің құқығы бар ғой, мысалы, мен өзім қандай партияға барсамда өзім білемін. Біздің партияға көптеген адам келеді, бұл біздің партияның талаптарына қарсы келмейді. Баратындар бара берсін. Орыс халқының мақалы бар ғой: «Балық тереңдікті іздейді, адам жақсы жерді іздейді»,-деген. Сол себептен жаңа партияға келген мүшелерді, сол партияға сенген азаматтарды біз құрметтеп, олардың шешімін қолдау керек.

«Асар» атты қоғамдық бірлестігін құрушылар қатарында Дариға Назарбаеваның қайын атасы Мұхтар Әлиев бар, сонымен қатар бұл бірлестіктің дүниеге келгенін қолдағандар қатарында Ғарыштық зерттеу институтының директоры Өмірзақ Сұлтанғазин және Ұлттық олимпиялық комитеттің құрметті президенті Аманшы Ақпаев болған. Саясаткер Сейдахмет Құттықадамның ойынша, бұл бірлестік болашақта Қазақстандағы барлық партияларды біріктіруі мүмкін.

Сейдахмет Құттықадам, саясаткер: - Қазір барлық халықты партиялар өзара бөліп алған. Бүкіл халықтың 50 пайыздайы, яғни мемлекеттік қызметте жұмыс жасайтындар “Отан” партиясының мүшесі. Заводтарда жұмыс жасайтындар “Азаматтық” партиясына мүше. Ауылда қалғандар “Ауыл” партиясына мүше болған. Сол себептен халықтың барлығы өз орнын тапты. Осы партиялардың мүшелері негізінде құрылатын шығар, бірақ біраз уақытан кейін, жаңа партия тәжірибе жинап, болашақта “Отан”, “Азаматтық”, “Ауыл” партиясын біріктіріп Ресейдегідей үлкен партия дүниеге келуі мүмкін.

«Асар» атты бірлестік барлық күшті біріктіріп қоғам пайдасына жұмыс жасауды жоспарлап отыр, ал сарапшылар мен бақылаушылар бұл жоспар қаншалықты іске асатынын күтіп отыр.
XS
SM
MD
LG