Accessibility links

«Конфессиялар диалогы» бүкіләлемдік және дәстүрлі ұлттық діндер съезді» жөнінде пікір әр түрлі

  • Гүлмира ХАМЗА

Ресми Астана қырқүйектің 23-24 аралығында өтетін «Конфессиялар диалогы» бүкіләлемдік және дәстүрлі ұлттық діндер съездіне дайындалып жатыр.

Бұл құрылтайға Алматыда отырған Қазақстан Мұсылмандары діни басқарма жетекшілеріде әзірленіп жатыр. Діни басқарма жетекшісінің баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбектың айтуынша, бұл өте өзекті әрі күрделі мәселе.

Қазақстан мұсылмандары діни басқарма жетекшісінің баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбек: - Бүкіл әлемдегі жағдайға қарасақ, халықаралық жағдайды бақыласақ, көптеген мәселе, дау-дамай осы діни алауыздықтан болып жатады. Оның себебін айтатын болсақ, қазір дүниежүзінде түрлі діндер бар. Әр дін өзін жоғарыға қойғысы келеді, бір-бірін мойындамайды. Бұл өз кезегінде көптеген дау-дамайға себеп болып отыр. Осы жағдайларға мүмкіндігінше тоқтау салу, парасаттылыққа шақыру бұл үлкен іс. Бейбітшілік болу керек, сонда біз көптеген арманымызға қол жеткіземіз, мақсатымызға жетеміз. Сол себептен біздің Елбасымыздың дін аралық, діндер аралық мәмлеге шақыруы ең бірінші әрекет. Мұндай жиын бұрын дүниежүзі бойынша, болған емес. Біздің Елбасымыздың бастамасы үлкен парасаттылық бастамасы,деп айтуға болады. Бұл бастамасының іске асуына біз тілектес боламыз. Бұл әлемдегі бейбітшіліктің болуына себеп болатын оқиға, деп ойлаймыз.

Екі күнге созылатын құрылтай барысында шетелден келген қонақтар Астананың 1500 адамға арналған орталық мешітінде мінәжат ете алады.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 3 мың 36 діни бірлестік жұмыс жасайды.Үстіміздегі жылдың басында Алматыда «Бейбітшілдік және келісім» конференциясы өткен, бұл жиында негізінен шетелден келген еврей қауымдастығының мүшелері көп болды. 23-24 қырқүйек күндері өтетін құрылтайды да Қазақстандағы еврей қауымдастығы белсенді түрде қолдап отыр. Раввин Эльханан Көгеннің айтуынша, қазіргі мемлекет жетекшілерін Кеңес Одағындағының жетекшілерімен салыстыруға болмайды. Кеңес Одағы кезінде еврейлер өз дінін, ұлтын жасырып жүрген, қазір, олардың синагогалары бар, олар еркімен өз салт-дәстүрін сақтап келеді. Бұл ең алдымен Қазақстан үкіметі мен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі,- дейді Эльханан Көген.

Қазақстан Мұсылмандары діни басқарма жетекшісінің баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбектің айтуынша, жуыр күндері болатын құрылтай түрлі дін негізінде туындап отырған мәселелерді шешуге болады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқарма жетекшісінің баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбек: - Мысалы, Таяу Шығысты алатын болсақ, олардың мемлекет жетекшілері кездескен, бірақ дін басшылары кездескен емес. Олардың Астанада үлкен залда бас қосып, пікір алмасып, ой бөлісуі, оларға осындай мүмкіндік ашылып отырғандығы өте дұрыс. Олар бір келіссөзге келсе, бұл ақыл-парасатқа жүгіну, деген сөз. Ал ақыл-парасатқа жүгінген адам, дау-дамайға бармайды. Бұл құрылтай көптеген алауыздықтарға тиым салады, тоқтау салады, түсіністікке шақырады, деген үміт бар. Таяу Шығыстағы мәселенің шешілуіне бұл үлкен септігін тигізуі мүмкін. Әрине, бұл Алланың қолында. Бірақ бұл үлкен жиын, осы жиын өз үлесін қосуы мүмкін.

Сонымен қатар, Оңғар қажы Өмірбек діндер құрылтайы барысында Қазақстанның діни басқармасы өзіне өзекті мәселелердің бірін көтеруді жоспарлап отыр.

Қазақстан Мұсылмандары діни басқарма жетекшісінің баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбек: - 2001 жылы Америкада болған қайғылы оқиғадан кейін, күллі әлем бойынша, ислам жөнінде теріс пікір қалыптасты. Негізінде, Ислам діні бойынша, адамдар бір-біріне қиянат жасамау керек. Бір адамды өлтірсе, онда ол күллі адамзатқа қол жұмсады, деген сөз. Біздің дінге зорлық жоқ. Бұл өте таза дін.

Діндер құрылтайын қолдап отырған тұлғалардың арасында саясаткер Хахраман Қожамберді бар. Хахраман Қожамбердінің ойынша, бұл құрылтайдың мемлекетке әкелетін пайдасы мен қатар, зияны да бар.

Хахраман Қожамберді, саясаткер: - Астанада өтетін діндер құрылтайы, Қазақстан үшін үлкен халықаралық оқиға болуы мүмкін. Себебі, бүгінгі таңда экстремисттік, террористтік топтар діни тон киіп, әрекеттеніп жатыр. Сол себептен діни тұлғалар кездесіп, сөйлесіп, бір ортақ шешімге келуі мүмкін. Себебі халықтар қайда тұрмасада, олардың діні әр-түрлі болғанымен Құдай бір, жаратқан Алла бір. Сол себептен өзара татулықта өмір сүріге болады. Сонымен қатар, осы құрылтай арқылы Қазақстанды күллі әлемге танытуға болады. Алайда,осындай құрылтайлар арқылы Қазақстанда жоқ діндердің пайда болып, олардың күшейіп кетуіне жол ашылады, деп ойлаймын. Екіншіден, мұндай конференцияларға біздін салықтөлеушілердің ақшасы кетеді. Біздің жағдайымызды ескере отырып, мұндай құрылтайды өткізудің қажеті бар ма, деген сұрақ пайда болады.

Астанада өтетін діндер құрылдайына көптеген конфессиялар өкілдерінен өзге халықаралық ұйым өкілдері де қатысады, деп жоспарланып отыр.
XS
SM
MD
LG