Accessibility links

Ирақтағы америка солдаттарына шабуылдар болып жатыр

  • Смағұл ЕЛУБАЙ

Ирақта америка солдаттарына қарсы шабуылдар тоқтамай отыр. Бейсенбіден жұмаға қараған түні Саддам Хұсейннің туған қаласы Тикрит маңында үш америка солдаты өлтірілді.

Тұрақсыздық етек алған Ирақта, атап айтқанда Саддам Хұсейннің туған қаласы Тикрит маңында бейсенбіден жұмаға қараған түні 3 америка солдаты өлтірілді деп хабарлайды АП. Солдаттар Ал-Оужа ауылын тінту кезінде оққа ұшқан. Болған оқиға жәйлі полковник Уилиям Магдоналд:

"Оқиға орын алған кезде олар яғни американдық солдаттар граната атылған жерді тінтуде еді", - дейді.

Полковник оқиға туралы өзге мәлімет берген жоқ. Ал, сейсенбі күні болса Бағдадтың 80 км -дей батыс тұсында америка әскерлерінің аутокөлік тізбегіне оқ жауды. Екі жауынгер жарақаттанды. Ол жерде де солдаттар оққа оқпен жауап берді. Ал-Арабия телеарнасының хабарлауынша осынау аутокөлік тізбегіне болған шабуыл барасында 8 американдық солдат опат болған. Бұл акпаратты ҚШ әскері нақтылаған жоқ. Содан кейін ҚШ әскері "Күн шұғылалы үшбұрыш" аймағын сейсенбі күні тастап шыққан. Осыған орай Халдиях тұрғындары көшеге шығып билеп мәз болып сауық-сайран құрған. Саддам Хұсейннің портретін көтеріп,. Калашников автоматтарын аспанға сілтеп:

"Саддам!! Жанымыз да, қанымыз да сенің жолыңда құрбан!" - десіп айқай-сүрен салған.

Осынау Халдиях қаласы, Фаллиджа, Рамади қалалары Саддам Хұсейнге адал топтар шоғырланған аймақ болып отыр. Бұл аймақта америка әскеріне күн сайын дерлік қанды шабуылдар болуда. Қапыңды тауып күтпеген жерден соғатын партизандық соғыс солдаттардың жүйкесіне тиіп болған деп жазады АП. Өйткені, төңірегіңде жүрген халықтың қайсысы жау, қайсысы дос екенін ажырату қиын. Партизандар күндіз көзге түспей, "бетегеден биік жусаннан аласа" болып жүреді де, қараңғы түсісімен Калашников автоматын кезеңген кахарлы жауынгерге айнала қалады. Содан запы болған солдаттар түн ішінде күдік тудырған қараны атқылайды. Сондай, ызалы солдаттардың оғынан АП-тың осы мақаланы жолдаған тілшісі де тіл тартпай кете жаздаған. Тілші мен фотограф сейсенбі күні оқиға болып жатқан жерге жақындамақ болып ұмтылғанда өздеріне қарай жауған оқ астында қалған. Абырой болғанда аман қалған. Бағдад теріскейінде қопарылған мұнай құбыры болса дүрілдеп әлі өртеніп жатыр. Ондағы өрттің қуаттылығы сонша жанына жолау мүмкін емес. Ирақтағы ҚШ әкімі Пол Бремердің айтуынша о жерде күн сайын 7 миллион доллардың мұнайы жанып жатыр. Ол өртті сөндіріп құбырды іске қосу үшін әлі бір ай мезгіл қажет көрінеді деп жазады АП Ирақтан.
XS
SM
MD
LG