Accessibility links

Қазақстанда жастар саясаты бар ма?

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Армысыздар құрметті радио тыңдаушылар! Қазақстанның Статистика жөніндегі агенттігінің деректері бойынша Қазақстан халқының 3-млн-ға жуығын яғни 30 пайызын 18 бен 30 жас аралығындағы жастар құрайды екен. Қадірлі радио тыңдаушылар, біз осы хабарды әуе толқынына дайындау барысында қазіргі жастар өздерінің болашақтарын, бүгіні мен ертеңін қалай бағамдайды, бүгінгі өмір сүріп отырған қоғамда олардың ықпалы қандай? Қазақстанда жастар саясаты бар ма? Қазіргі қазақ жастарының арасында жан ауыртатын басты проблема не? деген сауалдарға назар аударып, осы аталған мәселелер төңірегінде жастардың жастар жайлы ой-пікірін білуге тырыстық. Қоғамның әр саласында еңбек етіп жүрген жастарды сөзге тарттық. Сонымен сөз кезегі Дәурен Қуат есімді азаматта:

Қазақстандағы жастар саясаты туралы қазір бас ауыртып, оларды белгілі бір мақсатқа, идеологияға пайдаланудан мемлекет қазір бас тартып отыр. Бұл дұрыста шығар. Себебі, жастар өз мәселесін өздері шешіп, қандай қоғамды, өмірді қалайды соған бойларындағы күш-қуаты, ерік- жігерімен мақсатты түрде жету керек.

- Сіз жастар мәселесіне қатысты жасалынған концепция, түрлі үндеулер жастардың қоғамдағы рөлін айқындап бере алады деп ойлайсыз ба?

- Жастар туралы заңның жобасы жасалып, парламенттен кері қайтқан болатын. Себебін мен білмеймін бәлкім шала, бәлкім шикі. Егер жастар өміріне, олардың қоғамдағы рөліне баса назар аударып, олардың білім алу, жұмысқа орналасу сияқты қазіргі таңдағы шешуі қиын мәселеге айналып отырған проблемаға бірден-бір септігін тигізіп, осы аталған мәселеге жетудің жолдарын айқындап бере алатын болса онда аталған саяси құжаттардан жақсылық күтуге болады. Бізде адам баласы түсінбейтін заңдар өте көп. Егер жастар мәселесіне қатысты жасалынған саяси құжаттар осы түсініксіз заңдардың біріне айналатын болса біздер, жастар ешқашанда ешқандай заңдардан да, концепциядан да жақсылық күте алмаймыз.

Жоғарыда сөз болған мәселелерге байланысты біз әңгімеге тарқан тартқан Жәнібек Нәлібаев есімді азамат жастар саясатынан бұрын жастарды ішімдікке салыну, жезөкшелік сияқты дерттердің дендеп бара жатқанына алаңдайтынын жеткізді.

Дендеп бара жатқан осындай дерттерге дауа іздеп, аурудың алдын алмасақ ертең бәрі де кеш болады дейді ол.

Ал келесі сөз алушы Қайрат Жұман есімді азамат Қазақстанда жастар саясаты жоқ деп есептейді. Себебі, Жастар саясатын бар дейін десең әр жылдарда 1999 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясаты концепциясының», 2000 жылы Қазақстан үкіметі жанынан Жастар ісі жөніндегі кеңестің құрылуы», 2001 жылы «Қазақстан жастарының Конгрессі» өткізілуі, тіпті республика бойынша бүгінгі таңда тек сан жағынан ғана көрінетін 150-ге жуық жастар ұйымының құрылуы бір қараған адамға Қазақстанда жастар саясатын көз алдына елестетуі мүмкін. Осы аты аталған саяси шараларды негізге ала отырып бар дейін десең бүгінгі таңдағы жастар мәселесіндегі күрделі жағдайларға тигізіп отырған септігін тағы көз алдыңа елестете алмайсың. Сонда бұл аталған саяси құжаттар кімнің қажеттілігі мен мүддесін қорғау үшін жасалады дейді ол. Оның ойынша Қазақстандық жастар өздерінің құқықтары мен міндеттерін мүлдем білмейді. Өз міндеттері мен құқықтарын білмегені үшін кімді кінәлайсың? Өмір сүріп отырған қоғамды ма, әлде жастардың тәрбиесіне тікелей жауапты ата-ана, мұғалімді ме? Біз өмір сүріп отырған қоғамда кінәліні табу өте қиын дейді Қайрат Жұманұлы.
XS
SM
MD
LG