Accessibility links

Қазақстанда 40-тан астам конфессия, 3 мыңнан аса діни бірлестік бар

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Мұрат Әуезов, «Ата-бабаларымыз-көшпенділер, кезінде дүниежүзілік діндердің қалыптасуына тікелей үлес қосқан»

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда бүгінгі күні 40-тан астам конфессиялар, 3 мыңнан аса діни бірлестіктер бар.

Әр түрлі дін өкілдері өмір сүріп жатқан Қазақстан үшін қыркүйектің 23-і және 24-і күндері Астанада өткелі отырған әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндер сьезінің маңызы қандай болмақ.

Белгілі қоғам қайраткері Мұрат Мұхтарұлы Әуезов, қазақ жерінде дүниежүзілік діндер өкілдерінің жиналуын заңдылық екенін айтты.

«Өйткені, біздің ата-бабаларымыз-көшпенділер, кезінде дүниежүзілік діндердің қалыптасуына тікелей үлес қосқан. Шамасы 4-5 ғасырдың ішінде дүниежүзіне негізгі діндер келген. Солардың белсенді пайғамбарларына шығып, өздері туралы шығып сөйлеуге себепші болған көшпенділер. Өйткені, олар тарихи сахнаға шығып, сол кезде еуразия көлемінде үлкен дүниежүзілік байланыстар басталды. Ол кезде де үлкен діндер дүниеге келіп, содан бері талай заман өтті. 2,5 мың жыл бұрын Жібек жолы басталды деуге болады. Жібек жолында, әсіресе, ортаншы ғасырларда, ортаазиялық қалаларда, мысалы, өзіміздің көне Тараз, Сайран тағы басқа қалаларда мешітпен бірге шіркеулер тұрған. Буддалардың храмдары болған. Сонда басқа діннің салынған үйлерінің биіктігі мешіттен аспасын деген талап болған. Демек, бұл ата-бабаларымыздың басқа дінді түсінуге тырысуы, санасуы. Бұл қазақ-көшпенділер үшін тарихи заңдылығы, басқалардың шындығын естіп-білу, ұғынуға ұмтылу. Сондықтан бұл конгресс өте заңды болып отыр. Біріншіден, өз бабаларымыздың дүниежүзілік діндерге қатынасымыз бар. Екіншіден, өзіміздің қарым-қатынасқа, түсінісуге, әсіресе, жиырма бірінші ғасырдың, әсіресе, діндердің арасында қатты қақтығыстар, ішкі қайшылықтар, бір-бірінің арасында үлкен қайшылықтар болып жатқанда біз әрине, сырттан қарай алмаймыз.»

Мұрат Әуезовтің айтуынша, бұрынғы кезде көшпенді халықтар тәңіршілдікті дүниетаным ретінде қолданған.

Біз сондай-ақ, діни наным-сенім бостандығы және діни бірлестіктер мәселесіне арналған заң жобасының Қазақстан Парламентінде ұзақ қаралуының себебін сұраған едік.

Мұрат Әуезов, мұндай заң қабылдаудың ешқандай қиындығы жоқтығын айтты.

«Ондай заңды баяғыда қабылдауға болар еді. Түбінде сол діндердің барлығының қосылатын, түйісетін жері бар. Дін мен дін адамды ажыратуға емес, қайта қосуға солай келеді, дүниежүзінің діндері. Сондықтан осы принциптен шықсақ, баяғыда парламентте дін туралы заңды қабылдауға болар еді. Мұндай заңдарды қабылдамай жүрген себебі, біз өзімізді-өзіміз тани білмей жүрміз. Біріншіден, біздің ұлттық негізгі идеяларымыз баяғыда қалыптасқан. Біздер үшін бостандық, еркіндік, дербестік өте қажет. Біздің жағдайымызда тек қана үлкен гумманизм арқылы және ата-бабаларымыздың дәстүрін, қарым-қатынастарға ашық болуымыз керек. Басқаның пікірімен санаса білуіміз керек. Бірақ өз есемізден ешуақытта айырылмауымыз керек. Қазақстанда дін туралы жақсы заң қабылдауға ешқандай қиындық жоқ.»

Ал, әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндер сьезі Қазақстанның сыртқы саясаттағы беделін нығайтуға қаншалықты үлес қосуы мүмкін деген сұрағымызға Мұрат Әуезов былай деп жауап берді.

«Мәселе, оның қалай өтетінінде. Біз талай рет жақсы ниетпен үлкен істі бастаймыз да абыройдың орнына ұятқа қаламыз. Оны жақсылап өткізуге, керек болса, халықаралық тұрғыдан бедел алуға мүмкіндік бар. Мәселе, тек қана ресми, арзан саясатқа арналған кездесу болмаса деймін.»

Әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндер сьезіне шамамен 24 делегация келіп, қатысушылардың саны 300-ден асады деген болжам бар.
XS
SM
MD
LG