Accessibility links

Далай-ламадан әзір жауап келген жоқ


Қазақстанның сыртқы істер вице-министрі Мұқтар Тілеуберді: «Астанада өткелі отырған діндер жиынына шақыруға далай-ламадан әзір жауап келген жоқ».

Қазіргі уақытта Астанада діндер съезіне дайындық жұмыстары аяқталды. Ал сенбіден бастап осы жиынға қатысушылардың алды келе бастады деп мәлімдеді радиомызға берген сұқбатында Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Мұқтар Тілеуберді мырза:

- Қазір Астанадағы Салтанат сарайында сарапшылардың қатысуымен жиын өтіп жатыр. Онда съезде қабылданатын декларация мен шешім жобасы талқылануда. Съезге 17 делегация қатысқалы отыр. Олардан бөлек 5-6 құрметті қонақ келеді, олардың арасында БҰҰ-ның, Сауд Арабиясының, Египеттің және т.б. ресми өкілдер қатысады.

«Азаттық» радиосы: - Съез жұмысына қатысатындарға қандай да бір шектеулер қойылған ба? Келуіне тиым салынған ұйымдар бар ма? Мысалы, «Хизб-ут-Тахрир» секілді ұйымдардан өкілдер келуі мүмкін бе?

Мұқтар Тілеуберді, Қазақстанның сыртқы істер вице-министрі: - Енді ол ұйым өз ісінде дінге қатысты мақсат көздегенімен діни ұйым болып табылмайды. Ал, біз жалпы әлемдегі ең ірі деген діндер өкілдерін шақырып отырмыз.

«Азаттық» радиосы: - Далай-лама келе ме? Оған Қазақстан тарапынан шақыру жіберілді ме?

Мұқтар Тілеуберді, Қазақстанның сыртқы істер вице-министрі: - Шақыру жібергенбіз. Бірақ әзірше далай-ламадан жауап алғанымыз жоқ.

«Азаттық» радиосы: - Ал бұл жағдай Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсірмей ме?

Мұқтар Тілеуберді, Қазақстанның сыртқы істер вице-министрі: - Біз өткізгелі жатқан бұл жиын саяси мақсатты көздемейді. Сондықтан съезге ресми мекемелер қатыспайды. Әзірге Қытай жағынан наразылық болған жоқ.

Астанада өткелі отырған діндер съезіне дін өкілдерінен басқа 300-ден астам журналист қатысуға тілек білдіріп отыр. Олардың 60-ы шетелден келмекші. Съезд өтетін күндері бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін Астанадағы Конгресс-Холл сарайының ішінен арнайы ұйымдастырылған халықаралық баспасөз орталығы жұмыс істейтін болады.
XS
SM
MD
LG