Accessibility links

Ирақтағы бомбалық шабуылдар толастар емес.


Бағдадта Біріккен Ұлттар Ұйымының пәтері алдында бомбалы машина қопарылды. Сенбі күні Ирақтың Басқарушы Кеңесінің мүшесіне оқ тиіп жарақаттанды, бірнеше американдық жауынгер өлтірілді.

Ирақтағы америка әскеріне шабуылдар толастар емес. Шабуылдар тек қана америка әскеріне емес, сонымен қатар ол әскермен ынтымақтасқандардың бәріне қарсы болып жатыр деп жазады тілшіміз Валентинас Мите. Соңғы шабуыл дүйсенбі күні орын алды. Ирақ жанкештісі бомбалы машинасын БҰҰ пәтері алдында қопарды. Бір күзетші опат болып, маңайда тұрған 17 кісі жарақаттанды. Оқиға жәйлі ҚШ әскерінің өкілі Сиин Көрли:

- Қопарылған бомбадан екі кісі опат болды. Оның бірі шабуылдаушы болса, екіншісі Ирақ қауіпсіздік қызметкері, - дейді.

БҰҰ пәтеріне болған шабуылдан кейін осы ұйым өкілі Антония Прадела арнайы мәлімдеме жасады: - Бұл оқиға ирақтықтардың соғыс аймағында қалып отырғанының тағы бір дәлелі. Ирақ халқының өмірін жеңілдетеміз деп жұмыс істеп жатқандар екі оттың ортасында қалып отыр.

Бұдан бұрын БҰҰ-ның Бағдадтағы пәтеріне тамыздың 19 күні шабуыл болып, онда 22 кісі опат болғаны белгілі. Сенбі күні, сондай-ақ, Ирақтың Басқарушы Кеңесінің мүшесі Ақуила Ал-Хашими ханымды бір мылтықты кісі тура өз үйінің есігі алдында атып кетті. Ал-Хашими ауыр жарақаттанып ауруханаға түсті. Бұл шабуыл Ирақтың Басқарушы Кеңесінің мүшесіне болған тұнғыш шабуыл еді. Оқиғаға орай жасаған өз мәлімдемесінде Басқарушы Кеңес президенті Ахмад Чалаби бұл болған шабуылды Саддам Хұсейінге адал топтар ұйымдастырып отыр деді.

Jane's Intelligence Review басылымының Парсы шығанағы елдері бойынша редакторы Джереми Бинни:

- Меніңше бұл Басқарушы Кеңес мүшелеріне қарсы болған тұнғыш шабуыл. Демек, бұл жағдайдың ушығып бара жатқанын көрсетеді.

Өткен айда болса Ирақ шииттерінің рухани көсемі Мохаммад Бакир Ал-Хаким өлтірілген еді. Ал-Хакимді пір тұтатындар қауіпсіздікті қамтамасыз етпеді деп ҚШ әскерін айыптады. Алайда, талдаушы Джереми Бинни ол айыптауларды жоққа шығарады. Ирақтағы ондай көрнекті тұлғалар жанына америка әскерін ертіп жүргісі келмейді дейді:

- Бұл тұлғалардың біршамасы ҚШ басшылығындағы одақтастар әскерімен байланысып өздерін ыластағысы келмейді.

Осынау қылмыстар Ирақ тұрақтылығының негізін шайқалтуда. Ең қиыны қылмыскерлер мен бұрынғы режимге адал топтар ию-қию араласып, қатерлі күшке айналды дейді талдаушы.
XS
SM
MD
LG