Accessibility links

Әлемдiк және дәстүрлi ұлттық дiндер съезiне Назарбаев төрағалық етуде


Қыркүйектiң 23-i күнi Астанада ашылған Әлемдiк және дәстүрлi-ұлттық дiндер съезiне Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық етуде.

Дiни форумның ресми бағдарламасы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Кофи Аннанның жолдау-хатын оқудан басталды. Хаттың түйiнi: «Әлемдiк дiндердiң басшылары дiнаралық диалог арқылы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының ғаламдық даму мен бейбiтшiлiк жолындағы миссиясына үлес қоса алады», - дегенге саяды.

«Дiндер, көп ретте, нұрға теңеледi, алайда, оның көлеңкелi жақтары да баршылық. Дiни экстемизм аз ұлттар мен әйелдердi кемсiтуге тым жиi қолданылды. Дiндер жанжал отын тұтандыруға да жиi қолданылуда»,-делiнедi аталған жолдауда. Кофи Аннан бұдан соң: «…Сiздер оң өзгерiстердiң қозғаушысы әрi адамзатты қоғамға қызмет етуге шабыттандырушы бола аласыздар», - дей келiп, форумға қатысушыларға табыс тiлейдi.

Ал Қазақстан Президентi Н.Назарбаев: «Дiни форумның Еуразияның кiндiгiнде, әрқилы тарихи кезеңдерде көптеген дiндер алмасқан Қазақстан жерiнде өтуiнiң терең мәнi бар. Осы форумның дайындығы маған Астанада Ұлттар Сарайын салу қажет деген ой түсiрдi », - дедi.

Ұлттар Сарайында Мешiт, Шiркеу, Синагога, және Будда дiнiнiң храмы қатар жұмыс iстейтiн болады. Әртүрлi дiн өкiлдерi бiр шаңырақтың астында тұрып құлшылық етедi. Сонымен қатар Қазақстан Халықтары ассамблеясы мен ұлттық орталықтар да осында топтастырылады. «Мұның өзi Қазақстандағы 120-дан астам ұлт өкiлдерiнiң бiрлiгiн рәмiздейтiн болады»,--дедi Қазақстанның мемлекет басшысы. Ол әлемдiк деңгейдегi дiнаралық келiсiмнiң ғалами мәселелердi шешудегi маңызын жоғары бағалай келiп, бiрқатар ұсыныс-тiлектер айтты. Нұрсұлтан Назарбаевтың пiкiрiнше, бiрыңғай дiни кеңiстiк құруға болмағанмен, белгiлi бiр деңгейде тепе-теңдiктi сақтап отыру үшiн дiнаралық диалогтардың маңызы зор.

«Сондықтан, осындай форумдарды тұрақты түрде өткiзiп отыруды ұсынамын.Мұның өзi келешекте әлемдегi дiнаралық дүрдараздықты реттейтiн және рухани құндылықтар мен татулықты насихаттайтын халықаралық ұйымның құрылуына негiз салар едi», - дедi Н.Назарбаев. Ол,сондай ақ, дiндердiң бейбiт қатар өмiр сүруi үшiн арнайы Хартия жасау керек деген де ұсыныс айтты.

Қазақстан Президентi сөз соңында, дiндердiң бiрегей Мәдени орталығын құру жайын ойластыру қажеттiгiн де алға тартты. «Бұл идея бұрыннан көтерiлiп келедi, ендi оны iс жүзiне асырудың орайы келiп тұр. Дiн өкiлдерi бiзге сенiм бiлдiрiп, қолдау көрсетсе, осы айтылған маңызды iстердi баянды етуге әзiрмiз», - дедi.
XS
SM
MD
LG