Accessibility links

Қазақстан кәсіпкерлері Астанада өтетін форумға дайындалып жатыр

  • Гүлмира ХАМЗА

Үстіміздегі жылдың 30-шы қазанында Астана қаласында Қазақстан кәсіпкерлерінің 11-ші форумы өтеді. Бұл басқосуға Қазақстан президенті қатысады деп жоспарланып отыр.


Осы форум арқылы кәсіпкерлер көптен бері шешімін таба алмай келе жатқан мәселелерін шешіп алуды жоспарлап отыр. Қазақстан кәсіпкерлер форумының директоры Тимур Назхановтың айтуынша, кәсіпкерлер бұл мәселелерді үш топқа бөліп қойған:

- Біз өз мәселелерімізді үш топқа бөліп отырмыз. Біріншіден, бұл құқықтық мәселелер, екіншіден, бұл қаржылық және экономикалық мәселелер. Жоғарыда айтылған мәселелерді біз көптен бері көтеріп, айтып келе жатырмыз. Енді қазан айында өтетін форумда тағы бір рет айтуды жоспарлап отырмыз.

Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша орта және шағын кәсіпкерлікпен шұғылданатын 460 мың мекеме бар. Онда жұмыс жасайтын қазақстандықтардың саны бір миллион үш жүз мың адамға жетіп отыр. Кәсіпкерлер форумының жетекшісі Тимур Назхановтың айтуынша, кәсіпкерлер несие алу барысында түрлі қиындықты басынан кешіреді:

- Әсіресе жаңадан ашылып жатқан кәсіпорындар қиналады. Себебі несие үлкен мөлшердегі процентке беріледі, сонымен қатар кепілдік мәселесі шешілмеген. Осы мәселелерді қалай шешуге болады деген сұрақ төңірегінде әңгіме қозғаймыз. Біз Қазақстан үкіметі біздің айтқанымызға құлақ салады деп ойлаймыз.

Қазақстандық кәсіпкерлердің сөзіне жүгінсек, республикадағы ішкі өнім көрсеткішінің 12 пайызын орта және шағын кәсіпорындары құрайды. Болашақта кәсіпкерлер өз жұмысын арттыруды жоспарлап отыр, бірақ бұл жоспарды іске асыру үшін мемлекет тарапынан жағдай жасалса дейді олар.

Жалпы, орта және шағын кәсіпкерлікпен шұғылданатын мамандар бұл саланың дамуына республикадағы сыбайласқан- жемқорлық кедергі болады дегенді жиі айтады. Мемлекеттік шенеуніктер себепсіз тексеру жұмыстарын жүргізу барысында кәсіпкерлерден пара талап ететін,кәсіпорындардың жұмысына кедергі жасайтын. Мұндай заңсыздыққа жол бермеу үшін, үстіміздегі жылдың басынан бері тоғыз айға дейін тексеруге шектеу енгізген. Қазақстан кәсіпкерлер форумы кеңесінің төрағасы Райымбек Батталовтың айтуынша, бұл енгізілген шектеу нәтижесі жөнінде кәсіпкерлер форумында сөз қозғайды.

- Әрине бұл енгізілген шектеудің жақсы жағы көп, әлбетте, бұл шара барысында кемшіліктер де болды, бірақ негізінен бұл жақсы акция болды, - дейді Райымбек Батталов.
XS
SM
MD
LG