Accessibility links

АҚШ сенаторлары Ирақты қалыпқа келтіруге байланысты Буш жоспарын талқылауда.

  • Смағұл ЕЛУБАЙ

Ирақтағы американдық әкім Пол Бремер дүйсенбі күні ҚШ сенататорларын ҚШ президенті Джордж Буш сұраған 87 миллиард долларлық қаржыны кешеуілдетпей бөлуге шақырды. Бұл қаржы Ирақты қалыпқа келтіруге, тұрақтандыруға ауадай қажет деді Бремер.

Дүйсенбі күні Ирақтағы ҚШ әкімі Пол Бремер ҚШ Конгресін Президент Буш сұраған 87 миллиард долларды тез арада бөлуге шақырды. Егер қаржы тез арада түспесе Ирақ аласапыранға айналады деді ол. Бұ жәйлі Вашингтоннан радиомыздың тілшісі Джефрей Донован хабарлайды. Сенаттың мақұлдау комитетіндегі демократтар болса, Президент Буш сұрап отырған 87 миллиард доллар тым қымбат деп біледі. Буш әкімшілігін өзге елдерден Ираққа қаржы тартпай отыр деп айыптады. Оның себебі Американың Ирақтағы соғысқа жалғыз кіруінен деп біледі демократ сенатор Роберт Бөд:

"Президенттің 87 миллиард доллар сұрауы Америка халқының Ирақ соғысына жалғыз кірген президентке деген сенімi жоғала бастаған тұсына дәл ме-дәл келіп отыр."

Бұл демократ сенатордың пікірі. Ал, Буштың республикандық партиясы болса Ираққа қарсы соғысты ақтап әлек. Ирақтағы американдық әкім Пол Бремер:

"Егер біз Ирақты қайта қалыпқа келтіре алмай, ол жерде қуатты экономикалы тәуелсіз демократиялық мемлекет құра алмай сәтсіздікке ұшырар болсақ, онда бұл терроршылдардың бізге қарсы соғысына керемет қолдау көрсеткеніміз боламыз".

Осы ойды сейсенбі күні БҰҰ-ның Ассамблеясы алдында президент Буш та паш еткелі отыр. ҚШ-ның Ирақтағы әкімі Пол Бремер, әзірше 87 миллиардтың 20 миллиардын жедел түрде Ираққа бөлу керек деп біледі. ҚШ-дың Ирақты қалыпқа келтіру жоспары Пол Бремердің ойынша Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі Американың Еуропаны қалыпқа келтірген Маршал жоспарымен тепе-тең:

"Бұл - Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін азат әлемді қалыптастырумен тең", - дейді Бремер.

Франция мен Германия Ирақ тәуелсіздігін тез арада қалыпқа келтіру керек деп отырғанына қарамастан, Вашингтон бұ мәселеде асығар емес. Пол Бремер болса Ирақтың қолына тәуелсіздік толық тигенше төрт баптан тұратын жоспар, яғни, қауіпсіздік, қызмет көрсету саласы, экономика және саяси институттарды қалпына келтіру керек деп біледі.

- Ирақ тәуелсіздігіне апаратын жалғыз жол- жазылған конституция, -дейді Пол Бремер. Ал, демократ сенатор Патрик Лихай болса:

- Апта сайын бір миллиардтан астам доллар қаржы жұмсамай, жоспарсыз, нақты мерзім кестесінсіз, апта сайын 4-5 америка солдатын құрбандыққа шалмай, Ирақ халқының ашуын қоздырмай, ол жерде алға жылжу мүмкін емес, - деп біледі.

Пол Бремер болса сабыр, сабыр сақтаңдар, Вашингтонның Ирақ бойынша мерзім кестесі де, нақты жоспары да бар деді.
XS
SM
MD
LG