Accessibility links

Мәслихат депутаттарын сайлауда өрескел заң бұзушылықтарға жол берілген


Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесі Мәслихат депутаттарын сайлауда өрескел заң бұзушылықтарға жол берілгендігін хабарлады

Осыған орай сәрсенбі күні өткен баспасөз мәслихатында тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің жетекшісі Дос Көшім бұл сайлау көптеген заң бұзушылықтармен өткенін қадап айтты. Осы жолы қандай заң бұзушылықтар болғанын былай жеткізді.

Ең бірінші кезекте көптеген сайлау комиссиялары өздерінің жұмыстарын ашық, жариялы түрде жүргізбеген. Ал бұл дегеніңіз, демократиялық сайлаудың негізгі шарты болып табылады. Сондай-ақ, тағы бір басты кемшілік, Орталық сайлау комиссиясының сайлауға қатысты деген көрсеткіштері тәуелсіз бақылаушылар тарапынан үлкен күмән тудырады.

Тағы бір айтарлық жәйт, көптеген сайлау учаскелерінде барлық кандидаттарға немесе бір-екі кандидатқа қарсы дауыс берген жағдай Қазақстанда өте көп болған. Демек, бұл сайлаушылардың саяси белсенділігінің арта түскенін білдірсе керек. Және жергілікті билік орындары ұсынған кандидаттарға қарсы үміткерлерді салу да осы жолы көбірек байқалды.

Осындай қарсылықтардың нәтижесінде республиканың 89 сайлау округінде сайлау қайта өтетін болды. Ол 19 қазанда өтеді. Бұл Қазақстан тарихында болмаған жәйт. Осы жолы тағы бір байқалған мәселе, бұрын-соңды болмаған сасық қулық, пасық әрекеттердің орын алғандығы. Яғни кандидаттардың бірін-бірі жамандаудың жаңа тұрпаты бой алдыра бастады. Бұл туралы алдағы уақытта кеңірек баяндалады.

- Сондай-ақ, көптеген сайлау учаскелері біздің бұрынғы ескертпелерімізден еш нәтиже шығарған жоқ, бәрі де бұрынғы ескі күйде, таз қалпында қалды, - дейді Дос Көшім.

20 қыркүйекте өткен сайлауға Алматы қаласында көптеген сайлау учаскелеріне тәуелсіз бақылаушыларды жібермей қойған. Осы сайлау барысында Қазақстанда 16211 адам бақылау жасаса, соның 500-дейі тәуелсіз бақылаушылар. Солардың анықтағанындай, сайлау учаскелерінің 24 проценті сайлауға дайын емес екендігін көрсеткен. Яғни осы учаскелердің төрттен бірінің дайын еместігі біраз жайтты білдірсе керек. Сонымен қоса бұрынғы заң бұзушылықтар осы жолы тіпті өрескел қайталанды дейді Дос Көшім.

Сайлау барысындағы осындай келеңсіз көріністердің бәрі жіпке тізіліп, алдағы екі апта ішінде кітапша болып шығарылады.
XS
SM
MD
LG