Accessibility links

Өзбекстанда баспа саласын жекешелендіруден кітап қымбаттап кеткен.

  • Смағұл ЕЛУБАЙ

Өзбекстанда баспа саласында болған жекешелендіру салдарынан кітап бағалары күрт өсіп кеткен. Сол себепті де кітап өзінің негізгі нысанасы - халық қолына жете бермейді.

Совет Одағының құлауы бұрынғы советтік республикалардағы әлеуметтік саланың да күйреуіне алып келді. Әсіресе, оқу-білім, медициналық қызмет саласына бөлінген мемлекеттік қаржы мейлінше қысқарды. Мысалы, Қырғызстанда мектеп оқушысы мектепте оқу үшін енді ай сайын 160 сом төлеуге тиіс. Яғни, 3 доллар. Айлық табысы 25 доллардан аспай отырған ауыл тұрғыны үшін бұл тым қымбат ақы деп жазады радиомыздың тілшісі Чарлз Карлсон. Соның салдарынан Қырғызстанда бүгінде мыңдаған бала мектепке бара алмай отыр. Қырғызстанда да, Өзбекстанда да баспалардың жекешелендіруінен де жұрт зардап шекті. Кітап қымбаттап, енді балаларға оқулық сатып алу мұңға айналды. Оның себебі кітап қағазының шетелден қымбатқа алынатындығында дейді ЮНЕСКО-ның Өзбекстан бойынша өкілі Алишер Икрамов. Өкімет болса тек бастауыш мектеп оқушыларына арналған оқулықтарды ғана тегін таратады дейді ол.

Латын әліппесіне өтіп алған Өзбекстанда енді латын әрпімен жазылған оқулықтар, кітаптар аздық етуде. Ал, латынға көшпеген 140 орыс мектебінің жағдайы жақсы. Өйткені олар оқулықтарды Ресейден тегін алады.

Өзбекстанда ай сайын қанша кітап шығады деген сұраққа "Китоб дуниясы" журналының редакторы Гүлчохра Мухамеджанованың радиомыздың тілшісіне берген жауабы:

"Біз ай сайын 40-50 кітапқа шолу жасаймыз. Олардың ішінде мектеп оқулықтары да, балаларға арналған кітаптар да, детектив романдар да бар."

Қырғызстанда болса мектеп оқулықтарымен оқушыларды қамтамасыз ету Өзбекстандағыдан да төмен. Бұнда 1 миллион 200 мың мектеп оқушысы үшін басылған 25 оқулықтың әрқайсысы 8 мың, 30 мың данамен ғана шыққан. Сонда әр 10 оқушыға бір оқулық тиеді екен. Тамыз айында Қырғызстанның оқу министрлігі оқулықтар басып шығаруға берілген мемлекеттік тапсырыс небары 64 пайызға орындалды деп хабарлады. Тәжрибелі баспагер Мелс Абакиров кітап дағдарысын шешудің басты-басты жолдарын ұсынады:

"Оқу кітаптары мемлекеттік, ұлттық деңгейдегі саясатты талап етеді. Ал, саясат неменеден тұрады? Саясаттың ең біріншісі мемлекеттік қолдау болуы керек, ол қолдауды мен мынадан көремін: жеңілдетілген несиелер, субсидиялар, дотациялар. Оқу кітаптарын шығаруға, балалар үшін көркем әдебиеттер шығаруға қосымша салықтарды алып тастау керек."
XS
SM
MD
LG