Accessibility links

Қазақстан президенті мен ағылшын ханзадасы британ-қазақ қоғамын құрды


Қыркүйектің 25-күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы өз резиденциясында ағылшын ханзадасы Эндрюді қабылдады. Осы кездесуден кейін баспасөз өкілдеріне жасаған мәлімдемесінде ағылшын ханзадасы жаңадан британ-қазақ қоғамының құрылғанын айтты.

Йорк герцогы ханзада Эндрюдің айтуынша қыркүйектің 25-күні құрылған британ-қазақ қоғамының құрылтайшысы болуға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз келісімін берген.

- Бұл қоғам екі мемлекеттің арасындағы қарым-қатнасты нығайтып қана қоймай, британдықтардың Қазақстан туралы білімін кеңейтуге және де екі елдің жұртының өзара араласуына дәнекер болады, - деді ағылшын ханзадасы Эндрю.

Сонымен бірге ол Астана қаласында британ елшілігінің өкілдігі ашылатынын, ал таяу болашақта елшіліктің өзі де Алматыдан мұнда қоныс аударады деп мәлімдеді.

Мұнан өзге ханзада Эндрю өзінің Қазақстанға осы жолғы сапарында сәрсенбі күні Атырау қаласында британ елінің сауда-инвестициялық өкілдігінің ашылуына да қатысқанын айтты.
XS
SM
MD
LG