Accessibility links

Қазақстан оппозициясының кейбір мүшелері сот процесіне дайындалып жатыр

  • Гүлмира ХАМЗА

Қазақстанның Республикалық халық партиясының кейбір мүшелері сот процесіне дайындалып жатыр.

Партияның атқару комитетінің жетекшісі Әміржан Қосанов 29 қыркүйек күні Алматы қаласы Медеу аудандық сотына барады. Қазіргі кезде Әміржан Қосанов сот процесі қалай аяқталса да, бұл сот процесіне дайын екенін мәлімдеді.

Әміржан Қосанов, Қазақстанның Республикалық халық партиясының атқару комитетінің жетекшісі: - Егер біздің сот тәуелсіз болып, егер қаржы полициясы, прокуратура шын мәнінде жоғары деңгейде жұмыс жасайтын болса, онда болжауға болатын еді. Ал қазіргі жағдайда, сот тікелей билікке бағынып отырғанда болжам жасау мүмкін емес. Бір ғана болжам бар –Н. Назарбаев қалай шешсе, сот шешімі солай болады. Н.Назарбаев: -«Мына екі жігітті жазалаңдар, басқаларға үлгі болсын, көрсетейік. Қара аспанды төндіріңдер»,- десе онда бізді сотайды. Барлығы мүмкін, біздің де отбасымыз бар, балаларымыз бар, бірақ біз дайынбыз.

25 қыркүйек күнгі баспасөз мәслихаты барысында Ермұрат Бәпи мен Әміржан Қосанов ресми түрде сотқа шақырылмас бұрын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Варшавадағы 6-17-ші қазан аралығында өтетін тыңдауға шақыру алғанын айтты. Мұндай жағдай бізде бірінші рет болып отырған жоқ деп мәлімдеді Әміржан Қосанов.

Ермұрат Бәпи, Қазақстанның Республикалық халық партиясының мүшесі: - Әміржан Қосановтың басына төнген мәселе менің басыма келуі мүмкін. Бүгін немесе ертең, бірақ бұл істің соты болатыны белгілі. Сол себептен сот процесі болады, әлде болмайды деп отырудың қажеті жоқ. Себебі бізде Ғалымжан Жақияновты, Әкежан Қажыгелдинді, Мұхтар Әблязовты және Сергей Дувановты қорғайтын институттар жоқ болды. Әрине, адвокаттарды ескермегенде, адвокаттардың өзі жалтақтайды. Себебі олардың отбасы, жейтін наны бар. Сол себептен біз халыққа, халықаралық ұйымдарға жүгінуге мәжбүрміз. Бұл біздің әлсіздігіміз, бұл тек біздің ғана емес, бұл халықтың әлсіздігі, бұл құқығынан айырылған халықтың әлсіздігі деп айтар едім. Сол себептен біз халық біліп жүрсін деп баспасөз мәслихатын өткіздік.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанның Республикалық халық партиясы атқару комитетінің жетекшісі Әміржан Қосановқа төрт жылдың ішінде салық төлемеді және жалған құжат пайдаланды деп қылмыстық іс қозғалған. Ал, Ермұрат Бәпи салық төлеуден жалтарған және жалған кәсіпкерлікпен шұғылданғаны үшін қылмысты болған. Бүгінгі таңда Ермұрат Бәпи өзінің серіктесі Әміржан Қосанов сияқты әділ сот шешімі болады дегенге сенбейді.

- Бізді қорғап қалыңызда , деген бізде өтініш жоқ. Себебі өтінетіндей біздің кінәміз жоқ, ешуақытта мемлекеттен, бюджеттен ақша ұрлағаным жоқ, ешкімге қиянат жасаған жоқпын. Менің жазығым жоқ, бірақ оған қарамастан мен сотқа барамын. Бірақ ертең билік қандай сөз айтса, сот сондай шешім қабылдайтынын білемін.

Баспасөз мәслихаты соңында Әміржан Қосанов журналистерді 29 қыркүйек күні Алматы қаласының Медеу аудандық сотына шақырды.
XS
SM
MD
LG