Accessibility links

Сайлау төңірегіндегі дау


Көптен күткен және көптеген шу көтерген мәслихат сайлауы 20-шы қырқүйек күні аяқталды.

Ал 21-шы қырқүйек күні бұл сайлауға қатысқан бақылаушылар сайлауға деген өз бағаларын берді. Үкіметке жақын партиялардың бақылаушылары сайлаудың кемшіліктері болғанымен, әділдетті түрде өтті деген ойда.

Жүйедегі оппозиция атағына ие болған «Ақ жол» партиясының бақылаушылары мәслихат сайлауында 50 пайыздай заң бұзушылық болды, дегенді айтады.

Бұл орайда, радикалды оппозиция бақылаушылары мәслихат сайлауын, бұл сайлау емес - мазақ деген баға берді.

Енді жоғарыда айтылған пікірлерге жекелеп тоқталсақ. Біріншіден, үкіметке жақын партиялардың бақылаушыларын 21-шы қырқүйек күні табу қиын болды. Себебі «Отан» және «Азаматтық» партиясының мүшелері бақылаушылар таңғы сағат 05.00. жұмыс жасағандықтан, олар демалып жатыр дегенді айтты. Сол себептен біздің сұрақтарымызға өткен сайлауға «Азаматтық»партиясының атынан мәслихат сайлауынан үміткер болған, сайлаудың бірінші кезеңінен өте алмаған Сергей Дроздин жауап берді. Сергей Дроздин сайлау жақсы өткендіктен, қала басшылығына ризашылығын білдіретінің айтты.

Сергей Дроздин, «Азаматтық» партиясының Алматы қалалық комитетінің жетекшісі: - 21-ші қырқүйек күні «Азаматтық» партиясынан шыққан төрт үміткер ресми түрде мәслихат депутаты болып жарияланды, ал қалған он үміткер екінші кезеңге қалды, олар өтсе, «Азаматтық» партиясы мәслихаттағы 45 пайыз орынға ие болады.

Жүйедегі оппозиция атағына ие болған «Ақ жол» партиясы бүгінгі таңда қанша орынға ие болатының дөп басып айта алмады, бірақ сайлау барысында заңбұзушылықты көп байқағанын жеткізді. «Ақ жол» партиясының атынан сайлауға бақылаушы болған Жолшара Сақбаев сайлау барысындағы заң бұзушылықты таңғы сағат 07.00. бастап байқағанын жеткізді, Жолшара Сақбаев, «Ақ жол» партиясының мүшесі:

- Мен 23-ші округтің 244 участкісінде болдым. Бұл сайлау участкісі ашылмай бардым, сағат 06.30. сол жерде болым, сайлау комиссия мүшелерінің қасында жүрдім, оларға көмектестім. Заңбұзушылықтар сағат жеті ден бастап көзге түсе бастады. Себебі бақылаушылармен бірге cайлау комиссиясының мүшелері арнайы хаттама жазылуы керек, бірақ олар хаттама жазбады. Бізге бұл құжатқа қол қойғызбады. Сосын алдын ала дауыс берген сайлаушылардың конветтерін алып келді, бірақ оны бізге көрсетпеді. Ал негізінде, олар бізге қанша адам дауыс бергенін көрсетуі керек еді. Сонымен қатар, дауыс беруге келген зейнеткерлер мен қарттардың көпшілігі жеке куәліктерін ұмытып кетіпті, оларға құжаттарыңыз жоқ, деп дауыс бергізбей қойды. Жүйедегі оппозиция өкілдерімен салыстырғанда радикалды оппозиция өткен сайлауда мүлдем жеңіліп қалғанын мойындайды. Қазақстан Коммунисттік партиясы Алмалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Көпбосын Панзабеков өз көзімен көргенін былай деп баяндады.

Көпбосын Панзабеков, Коммунисттік партиясының мүшесі: - Мен бақылаушы ретінде қатысқан сайлау участкісінде сағат 20.00. дауыс беру рәсімі аяқталды, есік жабылды. Енді санауға келгенде сайлау участкісінің жетекшісі Татьяна Ожго ханым бір жарым сағат сыбырласып, сайлау участкісінің мүшелерімен әңгіме айтып отырды, сыбырласып, бізге естілмесін деп бір-біріне хат жазды. Біз бақылап отырдық. Сосын дауысты санау рәсімі басталды. Ең алдымен үй-үйге барып дауыс алған жәшіктегі бюллетендерді санай бастады. Әр үміткердің аты жазылып қойған, сол жерде, яғни әр үміткерге берген дауыстарды қоя бастады. Соңынан үлкен жәшіктердегі бюллетендерді санай бастады. Дауыс санау барысында Коммунисттік партиясының Алматы қалалық комитетінің бірінші хатшысы Хафиз Мақұлбаевтың даусы көбейіп кетті. Біз қарап отырдық. Әр үміткердің дауыстары өсіп жатты, бірақ Хафиз Мақұлбаевтың дауысы айтарлықтай көп болды. Барлық дауысты әр үміткердің фамилиясының жанына қойғаннан кейін, олар біраз сыбырласып, барлық үміткердің дауысынан Анатолий Попелюшко деген үміткердің бюллетендерімен араластыра бастады. Соңынан дауысты ең көп жинаған, ең қалталы, «Рахат» кондитер фабрикасының директоры Анатолий Попелюшко мырза болды, ал Хафиз Мақұлбаев артта қалды. Біз бюллетендерді санау жұмысы аяқталғаннан кейін Анатолий Попелюшканың даустарын қарап шығуды сұрап едік, бізге рұхсат бермеді. Егер мен соны қарап шықанда, оның ішінен барлық үміткердің бюллетендерін тауып алатын едім, себебі мен барлығын көрдім. Алайда маған рұхсат бермеді. Бұл сайлау ма?

Сайлау аяқталғаннан кейін үкіметке жақын «Азаматтық» партиясы сайлауды жоғары деңгейде ұйымдастырған тұлғаларға рахмет айтып жатты. Ал жүйедегі оппозиция өз наразылығын білдіруді жоспарлап отыр. «Ақ жол» партиясының мүшесі Жолшара Сақбаевтың айтуынша, бақылаушылар өз көрген, білгенін партия жетекшілеріне жеткізеді, ал «Ақ жол» жетекшілері өз наразылығын арнайы мекемелерге жолдайды.

Жолшара Сақбаев, «Ақ жол» партиясының мүшесі: - Енді партия арқылы біз өз наразылығымызды Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясына, үкіметке және әкімшілікке жеткіземіз.

Бұл тұрғыдан алғанда, радикалды оппозиция кімнен көмек сұрайтынын және кімге шағымданатынын білмей отыр. Коммунист Көпбосын Панзабеков мұндай сайлауды көрмегенін айтады.

Көпбосын Панзабеков, Коммунисттік партиясының мүшесі: - Біз енді сайлауға сенбедік, үміттенген жоқпыз,бірақ біз тағыда көзімізді жеткізгіміз келді. Ата заңның, адам құқықтарының тапталып жатқанын дәлелдегіміз келді. Бұл сайлау-сайлау емес. Мұндай сайлауды мен көрген емеспін. Мұның барлығын кім ұйымдастырып отырғаны белгілі, оның барлығына Зағипа Бәлиева жауапты, президент, үкімет мұны білмей отырған жоқ.

21-ші қырқүйек күні ресми Астана мәслихат депутаттығы сайлауына қырқүйектің 20-сы күні 22 сағатта сайлаушылардың 56,8 пайызы дауыс берді, деген ақпарат таратты.
XS
SM
MD
LG