Accessibility links

АТФ Банк басшылығы оның болашағы, қызметі мен мақсаты туралы баяндады


Бұл Қазақстандағы төртінші ірі қаржы институты саналады. Көптеген қаржы мекемелері секілді банкі қызметінің сан салаларымен айналысады.

Соның ішінде республикадағы ірі кәсіпорындарды қаржыландырып, шағын және орта бизнес саласына несие беруші. АТФ банкі Еуропалық қайта құру және даму банкімен, сондай-ақ, Экономиканы қалпына келтіру жөніндегі Германияның несие институтымен, Азия Даму банкімен және Бүкіләлемдік банкпен бірлесе отырып елдегі шағын және орта бизнестің дамуына қаржылай көмек көрсетуге көңіл бөлуде.

Банк басқармасының төрағасы Ерекбұлан Оқаев салған жерден әңгімесін өздерінің Қазақстандағы төртінші банк екенін айтып өтті.

- Әрі біз елдегі жас қаржы институтымыз, 1995 жылдан бері қызмет істеудеміз. Осы аз ғана уақытта биік жетістіктерге қол жеткіздік, - дегенді айтты.

Жарты жылдық көрсеткішке қарағанда, банкте 69 миллард теңге қаржы болған. Бүгінгі күнге дейінгі табыс 1 миллиард 320 миллион теңгеге жеткен. Ол әрине, өзінен өзі келмейді, халықпен жұмыс істеуді жақсартып, оңтайлы қызмет көрсеткенде ғана табыс молаяды дегенді айтты басқарма төрағасы.

Банк басшылығы осы мақсат-міндеттерін жария етіп, жарнамалау тұрғысында жұма күні Ұлттық баспасөз орталығында журналистердің басын қосты. Ә дегеннен-ақ келушілерге Маркетинг басқармасының қызметкері Игорь Пак қазақ тілінде сауал қоймауға өтініш жасаумен болды. Алайда АТФ банкі басқарма төрағасы Еркебұлан Оқаев пен оның орынбасары Тимур Исатаевқа мемлекеттік тілде банк қызметі жөнінде сауал қойғанымызбен қазақ тілінде жауап ала алмадық.

Қазіргі таңда АТФ банкінің қызметі Қазақстанда жедел өсіп келеді. Акционерлердің жылдық жиынында 2002 жылдың қорытындысына орай 26,5 проценттік дивидент төлеу туралы шешім қабылданды.

Бұл күнде банк жұмысы кеңейіп, оның республика бойынша филиалдары арта түсуде. Таяуда Ақтау мен Ақтөбеде банк бөлімшелері ашылған. Жалпы 14 филиалы бар. Сондай-ақ, АТФ банкі өзінің аймақтық қызметін де ұлғайтып, Қырғызстанда бөлімшесін ашып үлгерген. АТФ банкі сондағы Қырғызэнергобанкімен бірлесе жұмыс істеп, соның 53 процент акциясына ие болыпты.

АТФ банкі үстіміздегі жылдың 20 маусымында Голландияның ABN AMRO банкімен 50 миллион доллардың заемын алу жөнінде келісімге қол қойды.

Жыл соңына қарай АТФ банкі 4,5 миллиард теңгенің ішкі купондық облигацияларын айналымға шығаруды межелеп отыр.
XS
SM
MD
LG