Accessibility links

Оралмандарды баспанамен қамтуға қаржы толық көзделмеген


Соңғы 12 жылда алыс және жақын шетелдерден Қазақстанға 67 мың 882 отбасы келген.

Бұл туралы Көші-қон және демография жөніндегі агенттіктің төрайымы Алтыншаш Жағанова қыркүйектің 26-ы күні өткен Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында айтты.

Қазіргі уақытта 210 мыңнан аса оралман Қазақстан азаматтығын алған.

Оралмандардың 26-сы ғылым докторлары, 152 ғылым кандидаттары, ал, 16 мың 683-інің жоғары білімі бар.

Алтыншаш Жағанованың айтуынша, республика көлемінде еңбекке қабылетті оралмандардың 55 пайызы жұмыспен қамтылған.

2003 жылдың квотасы 5 мың оралман отбасына көзделген. Алтыншаш Жағанова, республикалық бюджетте квотаға енгізілген оралмандардың 60-пайызына ғана баспанаға жетерлік қаржы көзделген деген болжам айтты.

- Бұл проблема жөнінде Үкімет басшысының орынбасары Ахметжан Есімовке, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Қайрат Келімбетовке хат жіберілген, алайда, әзірге ол өз шешімін тапқан жоқ,-дейді Алтыншаш Жағанова.

Оның айтуынша, орламандарға баспана сатып алуға 9 миллиард 233 миллион теңге қажет. Алайда, 2004 жылға арналған республикалық бюджет жобасында бұл мақсатқа бар болғаны - 4 миллиард 710 миллион теңге қаралған.
XS
SM
MD
LG