Accessibility links

Христиан татарлар немесе крешендер

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Християн татарлары немесе крешендер деп аталатын татарлар осыдан 300 жыл бұрынғы Қазан хандығы кезінде, патшалық орыс әскерлері басқыншылығы нәтижесінде, İсләм дінінен християн дініне зорлап өткізілген.

Өздерін християн татарлары немесе крешендер деп атайтын татарлар қазіргі кезде Еділ мен Жайық өзендері аймағында тіршілік - өмір сүретін 300 – 600 мыңдай қауым есептелер екен. Бұл қауым 7 миллиондай мұсылман татарларымен аралас құралас өмір сүргенімен өздерін осы кезге дейін християн татарлары дейтін көрінеді.

Ресми мәліметтерге қарағанда, татарлар Қазанға сонау 16-ғасырда орыс патшасы Иван 4 армиясы басып кіріп, билік орнатқан кезден бастап, күшпен, зорлап шоқындырылған. Ал кейбір деректерге қарағанда, оларды 6 - ғасырдағы Бұлғар империясы кезінде шоқындырған. Сондай-ақ, татарладың дін ауыстыруының 3 - ші бір кезеңі деп, 18-ғасырдың 2 – жартысын да айтады.

Ал 1920-жылдары советтік большевиктер үкіметі ол крешен татарларын өз алдына бір бөлек ұлт деп те атаған. Крешендердің өз газеттері болған, ұлттық құрылтайы өтіп тұрған. Бірақ диктатор басшы Сталиннің билігі кезінде ол крешендер жалпы татарлармен біріктірілген.

Християн татарларының ұлттық мүддесі жөнінде, Ғылым, Өнер, Білім жөніндегі Мемлекеттік кеңестің жетекші қызметкері, өзін шоқынған татар есептейтін Григори Родионов былай дейді.

Родионовтың айтуынша , осыдан бір жыл бұрын Татарстан мен Башқұртстандағы крешен татарлары мұсылман татарларынан бөлек жеке ұлт болып жариялануға әрекет жасапты. Бірақ бір ұлтты бөлшектемек болған Мәскеудің ол саясатын дер кезінде байқаған мұсылман татарлары оған қарсы науқанға аттандап шыққан. Бұл арада Татарстан үкіметі де даналықпен іс тұтып, президент Мыңтемір Шәймиев крешен татарларының мәдени орталығы жетекшісі Алексей Шабалкинмен арнайы сөйлесіп , өзара мәмілеге келгендей болған. Дегенмен крешендердің ол талаптары зиялы қауым арасында үлкен дау-дамай туғызған.

Бұл жөнінде АҚШтағы Висконсин университетінің профессоры, ұлты татар тарихшы Юлай Шамилоглу былай дейді.

- Ресейдегі үлкен бір мәселе - ұлттық болмыстың негізі тілде әлде дінде болуы керек пе, деген нәрсе. Мысалы, християн дінді, католик дінді орыс бәрібір орыс емес пе. Татарлар негізінен ісләм дінін қабылдаған , бірақ 16 - 18 ғасырларда шоқындырылған крешендер де бар екендігі шындық, - дейді профессор Шамилоглу

Дегенмен, тамыз айында крешендердің бір тобы президент Путинге және дінбасы Алексий 2-ге хат жазып, өздеріне жеке ұлттық мәртебе берілуін сұрапты. Олардың жазуынша, Татарстандағы ұлтшыл және шовинист күштер крешен яғни шоқынған татарларға күн бермей жатыр екен.

- Менің білуімше, християн шіркеулеріне барып құлшылық етіп жүрген крешендер өте аз. Ол крешен татарларын өзге ұлт етіп бөлу бұл ресейлік орталық үкіметтің құйтырқы саясаты. Ал шындығына келсек, сол крешендердің басым көпшілігі өздерін татармыз, татар еліненбіз, деп есептейді, - дейді профессор Юлай Шамилоглу.

Бұл мәселеге орай, Әлем татарлары конгресі атқару комитетінің төраға орынбасары, профессор Дамир Ысқақовтың айтуынша, ол хаттардың артында Орыс православиясы шіркеуі тұр. Оны Алексий 2нің өзі де жасырмайды. Алексийдің өз өкілдері де біз крешендердің мүддесін қорғаймыз дейтін көрінеді.

- Орыс шіркеуінің мақсаты - Татарстанда православия дінін қабылдағандар басым көпшілік деп мұсылман татарларының санын барынша кеміту, - дейді Ысқақов.

Ал өзі крешен Григорий Родионовтың айтуынша,

- Дұмаға сайланбақ болған үміткерлер крешен ұйымдарына мол қаржы беріп, газет шығаруға көмектесіп, оларды Татарстан басшылығына қарсы үгіттеген. Сайлау науқаны кезінде крешендердің даусын көптеп жинап, Мәскеудің бөліп ал да билей бер деген саясатының іске асуына көмектесіп, Татар халқының дін негізінде бөлшектенуіне ықпал жасаған.

Ресейлік ресмилерден, Ұлттар мәселесі бойынша бұрыңғы министр, Этнология және Антропология институтының директоры , этнограф Валерий Тишковтың пікірінше, крешендер, яғни шоқынған татарлар өз алдына бөлек бір этникалық топ екен.
XS
SM
MD
LG