Accessibility links

Апатты жағдайлардың алдын алу мәселелеріне арналған халықаралық конференция


Алматыда Орталық Азия аймағында болуы мүмкін апатты жағдайлардың алдын алу мәселелеріне арналған халықаралық конференция басталды

Қыркүйектің 30 ы күні Алматыдағы Алатау қонақ үйінің мәжіліс залында Орталық Азия аймағында болуы мүмкін апатты жағдайлардың алдын алу мәселелеріне арналған халықаралық конференция өз жұмысын бастады. Оны Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі агентігі мен АҚШ-тың орталық әскери басшылығы бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Алматыда басталған бұл халықаралық конференцияға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан және Пәкістанның қорғаныс саласы мен төтенше жағдайлар жөніндегі агентіктерінің өкілдері және АҚШ тың орталық әскери басшылығының өкілдері қатысып отыр.

Конференцияның басты мақсаты Орталық азия аймағында болуы мүмкін террорлық шабуылдар мен халықты жаппай қырып жоятын қарудың таралуы салдарынан болатын төтенше жағдайлардың алдын алу мәселесіне байланысты пікір алмасу, американдық тәжірибенің қыр-сырын үйрену болмақ.

Конференцияның ашылуында Қазақстан жағынан сөз сөйлеген Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі агентігінің департамент директоры Эльдар Қонаев әлемде орын алып отырған төтенше жағдайлардың 2/3 сі Азия құрылығында орын алып отырғандығын ал бұл мәселеде орталық азияның үлесі аз емес екендігін айтты.

Ол сондай-ақ конференцияда сөз болып отырған апатты жағдайға байланысты осыдан бірер күн бұрын Шығыс Қазақстанда орын алған жер сілкінісі туралы бұл жер сілкінісінің әсері сонау Ресей мен Монғолияға дейін сезілгенін айтты.

Шығыс Қазақстанда орын алған жер сілкінісі салдарынан біраз тұрғын үйлер мен мектеп, ауыруханалардың қабырғалары бүлінп, шатырлары бұзылған.

Халықаралық бұл конференция қазанның 2 сіне дейін жалғасады.
XS
SM
MD
LG