Accessibility links

Қазақстандағы азаматтардың еңбек құқы

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстанда азаматтардың еңбек құқы жиі бұзылады дейді Біріккен кәсіподақ орталығының жетекшілері

Қазақстанның жыл сайынғы экономикалық көрсеткіші оның тұрғындарының әлеуметтік жағдайларын көтеруге, еңбек ақысын өсіруге зор мүмкіндік береді. Бірақ қазіргі таңда Қазақстан халықтарына ондай жағдай жасап отырған ешкім жоқ. Сондықтан біз бірігіп, Қазақстан азаматтарының еңбек құқығын қорғауға күш салып отырмыз дейді қыркүйектің 30-күні бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен Біріккен кәсіподақ орталығының өкілдері.

Аталған ұйым үстіміздегі жылдың мамыр айында құрылған болатын. Оның жетекшілері Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Әбдрахманов және тәуелсіз кәсіподақ ұйымының жетекшісі Леонид Соломин. Орталықты құрғаннан кейін бұлар алдымен тамыз айынан бері республика көлемінде әртүрлі жұмысшы топ өкілдерінің арасында еңбек заңдылығын білесің бе деп сұрау жүргізеді. Сонда олардың 28 пайызы ғана білеміз деп, ал 79 пайызы заң талаптарын білсек те, оларды тәжірибе жүзінде іске асыра алмаймыз деп жауап берген.

– Сондықтан да біздің мақсатымыз, – дейді Серік Әбдрахманов, – жан-жаққа тарап кеткен түрлі кәсіподақ ұйымдарын бір орталықтың астына біріктіру. Сөйтіп, Қазақстан азаматтарының Еңбек туралы Заң талаптарына сәйкес жұмыс істеуге мүмкіндік жасау дейді.

Серік Әбдрахманов елдегі кәсіподақ ұйымдарын біріктіруге қатысты жұмыстарына қарсы жұмыс істейтін топ міндетті түрде табылатынына шүбә келтірмейді. Себебі оның ойынша, оларға еңбек құқығын білмейтін, айлық жалақысы төмен бола тұра айдағанға көнетін адамдар тиімді.

Ал осы кәсіподақ орталығы жетекшілерінің бірі Леонид Соломиннің айтуынша, Қазақстанда ең көп бұзылатын заңдардың бірі, ол азаматтардың еңбек құқы.

Біріккен кәсіподақ орталығының жетекшілері ендігі мақсат республикалық үлкен форум өткізу деп отыр. Олар осы құрылтайда Кәсіподақ орталығының төрағасын сайлаймыз дейді.
XS
SM
MD
LG