Accessibility links

Біріккен түркімен оппозициясы халықаралық қауымдастыққа үміт артады


Қуғында жүрген түркімен оппозициясы осы күндері бас қосып, ортақ ұйым құруға келісті.

Чехия астанасы Прагада өткен құрылтайда "Демократиялық күштер одағын" құру көзделді. Біріккен түркімен оппозициясы президент Сапармұрад Ниязовтың диктаторлық билігін тоқтатып, парламенттік үлгідегі билікті құруды мақсат деп тапты. Түркімен оппозициясы халықаралық қауымдастыққа үміт артатынын мәлімдеді.

Дүйсенбі күні аяқталған үш күндік құрылтайдың барысында түркімен оппозициясы ортақ ұйым құруға келісті. Асылы, түркімен саяси күрескерлері үшін бұл өте маңызды, шешуші қадам. Себебі, көпшілігі Мәскеуде, бір сыпырасы Батыс Европа елдерінде жан сауғалап жүрген түркімен демократтары осы күнге шейін тіл табыса алмай келеді. Ал ортақ жетекші боп бірден оппозицияға көшкен Борис Шихмұрадов былтырғы жылдың соңында жұмбақ жағдайда Сапармұрад Ниязовтың қолына түсіп, өмірлік абақтыға айдалып кетті. Түркіменстан президентіне қастандық жасалды деген 25 қарашадан бері, міне, бір жылдай уақыт боп қалды. Осы өткен кезеңде Түркіменстандағы ахуал одан сайын тұншықты, Ниязовқа қастандық жасады деген айыппен кемінде 58 азамат ұзақ жылдарға сотталды. Олардың кемінде төртеуі қорлықпен өліп кетті, дейді түркімен оппозициясы. Қалғандары жөнінде нақты ақпарат жоқтың қасы.

Түркімен қоғамындағы диктаторлық қатаңдық 25 қарашадан кейін одан сайын күшейді. Азаматтық және саяси бостандықтарға тиім күшейді. Тіпті Ниязовқа сын айту отан сатқындығымен пара-пар деп жарияланды. 30 желтоқсанда жиналған Халық мәслихаты атты елдің жоғары басқару ұйымы осындай арнайы заң шығарды. Мұнымен қатар елдің әлеуметтік және мәдени деңгейі одан сайын күйреді. Білім деңгейі түсіп кеткен барлық оқу орындары мен жартылай әскери тәртіп орнатылған мемлекеттік мекемелерде Ниязовтың "Рухнаме" кітәбін жаттау міндетке айналған-ды. Түркімен ұлтының ауызбірлігі бұзылды, рушылдық қоздырылған соң тұтас ел бола бастаған тайпалар өз ара жұлысуды әдетке асырды, дейді түркімен оппозициясы. Ал елді әлемдік есірткі жолына айналдырған, жастарды нашақорларға айналдырған ел басыларына рушылдық, ел араздығы – тақта қалудың амалы.

Біріккен түркімен оппозициясы президент Сапармұрад Ниязовтың диктаторлық билігін тоқтатып, парламенттік үлгідегі билікті құруды мақсат деп тапты. "Түркіменстан Халық демократиялық қозғалысының" төрағасы Нұрмұхамед Ханамов "Азаттық" радиосында өткен баспасөз-мәслихатында айтқандай, оппозиция халықаралық қауымдастыққа үлкен үміт артып отыр. Себебі өзін өзі өмірлік президент қылып тағайындаған Ниязов елдің демократиялық тұлғалары тұрмақ, Біріккен Ұлттар Ұйымы деңгейіндегі халықаралық ұйымдарға құлақ асудан қалған:

- Оппозиция мен Ниязовтың арасында, не болмаса халықаралық қауымдастық пен Ниязовтың арасында бірде бір әңгіме жараспайды. Себебі Ниязов Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты не болмаса Европадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты қабырғалы ұйымдардың шешімдері мен ұсыныстарына құлақ аспайды. Ол олма, Ниязовпен әңгімелесуді бос шаруа деп білеміз. Есі дұрыс адаммен қане сөйлессе болады, ал ауру адаммен сөйлесудің қажеті жоқ.

Осының алдындағы бірігу амалдары іске аспады. "Ниязовтың билігі әлсіз, құлдырап барады, түртіп қалсаң құлайды" деген демократтардың есептері қате шыққан болатын. "Біріккен демократиялық оппозиция", "Ватан" оппозициялық қозғалысы, "Түркіменстан Халық демократиялық қозғалысы" деген ұйымдар тұтас болсақ күш боламыз деп, енді бір жылдың ішінде билікті қолдарына алмақшы, содан кейін елде демократиялық өзгеріс асырмақшы.
XS
SM
MD
LG