Accessibility links

Әділет министрілігі мәжіліс депутаты Төлен Тоқтасыновтың сауалына жауап берді.


Үстіміздегі жылдың тамыз айының 11-і күні Қостанай облысы Құсмұрын ауылындағы абақтыда отырған бұрынғы әкім Ғалымжан Жақияновпен кездесуге Мәжіліс депутаттары Серікболсын Әбділдин мен Төлен Тоқтасынов барады.

Алайда олардың жолы болмайды. Түрме басшылығы “түрмеде қазір карантин” деген сылтаумен олардың Жақияновпен кездесуіне мүмкін туғызбаған. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Төлен Тоқтасынов қыркүйек айының 4-і күні Қазақстанның Әділет министрі Оңалсын Жұмабековтің атына депутаттық сауал жолдап, “бұл жерде “Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы конституциялық заң бұзылды, Қылмыстық атқару кодексінің 21 бабы бойынша, Қазақстан президенті,премьер-министрі және парламент депутаттары түзету мекемелеріне арнайы рұқсатсыз кіруіне құқылы деп жазылған”, - деді.

Депутат Тоқтасыновтың айтуынша, оларды түрмеге кіргізбеген кезде, түрмеде прокуратура мен соттың қызметкерлері жұмыс істеп жатқан. Депутаттардың “олар неге жүр” деген сауалына түрме қызметкерлері “прокуратура мен соттың адамдары заңға сәйкес жұмыс істеп жатыр”, - деген жауап айтқан.

Мәжіліс депутаты Төлен Тоқтасынов Әділет министрі Оңалсын Жұмабековке өздерінің Ғалымжан Жақиянов отырған түрмеге кіре алмай кеткендіктерін айтып,мәселенің мән-жайын түсіндіруін сұраған болатын. Енді қазан айының 1-күні болған Парламент Мәжілісінің жалпы отырысының күн тәртібіне “Төлен Тоқтасыновтың депутаттық сауалына Әділет министрі Оңалсын Жұмабеков жауап береді” деген мәселе енгізіліп, әділет министрілігінің жоғарыда аталған сауалға жауабы тыңдалды.

Әділет министрі Оңалсын Жұмабековтің айтуынша бұл жерде ешқандай заң бұзушылыққа жол берілген жоқ.

“Бұл жерде ешқандай заң бұзылған жоқ. Рас заң бойынша Парламент депутаттарының қылмыстық жаза өтейтін мекемелерге кіруге құқы бар. Ал Депутаттар Әбділдин мен Тоқтасынов Жақиянов жазасын өтеп жатқан абақтыға барған кезде ол жерде жұқпалы ауру болғандықтан мекеме басшылығы карантин жариялаған. Карантин кезінде заң бойынша ешкімнің ол мекемеге кіруге құқы жоқ. Тек медицина қызметкерлері мен мекеме қызметкерлері ғана кіре алады”.

Алайда депутаттардың бірқатары әділет министрлігінің жауабына қанағаттанбады. Сөйтіп Әділет министрілігіне заң бұзылғанын дәлелдей алмаған депутаттар отырыс соңында осы мәселені назарға алу туралы қаулы қабылдады.
XS
SM
MD
LG