Accessibility links

Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың екінші кезеңіне дайындалып жатыр


Алматы қаласы Түрксіб ауданындағы учаскелік сайлау комиссия мен бақылаушылардың түрлі сұрақтарына жауап беріп, жағдайдың мән-жәйін түсіндіруге Орталық сайлау комиссиясының қызметкері Татьяна Васильева Астанадан арнайы келген.

Сұрақтар әртүрлі болды. 20 қыркүйек күні өткен сайлау барысында кейбір бақылаушыларды сайлау комиссиясының мүшелері дауыс санау рәсіміне қатыстырмаған.

Мұндай сұраққа Орталық сайлау комиссиясының қызметкері Татьяна Васильева былай деп жауап қайтарды.

- Сайлау күні сайлау рәсімдерінің барлығы бақылаушылардың қадағалауымен өтеді, осыны естен шығармаңыздар, - деді Орталық сайлау комиссиясының қызметкері Татьяна Васильева

Бұл орайда мәслихат депутаттығына үміткер болып, екінші кезеңге қалған Әбдікерім Байшабанов бұл аудан әкімшілігінде әділдік жоқ деп, залдан шығып кетті.

Әбдікерім Байшабанов, мәслихат депутаттығына үміткер: - Менің пікірімше, барлығы әділ әрі шын болса, біз үлкен жетістіктерге қол жеткіземіз, қазіргі кезде бұл әкімшілікте шындық жоқ екенін мен білемін.

20 қыркүйек күнгі сайлау барысында заң бұзушылық орын алғанын Түрксіб ауданындағы 397-ші сайлау учаскесінің төрағасы Мырзахан Әлібеков растап отыр.

Мырзахан Әлібеков, сайлау комиссиясының мүшесі: - Енді төрт аяқты тұлпарда сүрінеді ғой. Адам болғаннан кейін, қателіктер болады ғой, сол себептен болашақта осындай қателіктерге жол бермеу үшін барлығын жинап, оларға айтқан дұрыс деп ойлаймын. Жалпы менің ойымша, насихат жұмыстарын көп жүргізу керек. Мен 1980 жылдардан бері сайлау комиссиялардың төраға қызметін атқарып келе жатырмын, бірақ соңғы сайлауда, яғни 20-шы қыркүйек күні өткен сайлауға мен қанағаттанбадым. Себебі тізімге қарап отырсақ, тізімде 25-30 жасқа дейінгі азаматтар жоқ. Жастар мүлдем белсенділік танытпады. 25 жасқа дейінгі жастар мүлдем сайлауға келмеді. Келіп дауыс беретіндердің басым көпшілігі зейнеткерлер. Сол себептен біз айтамыз, мемлекетіміз жоғары деңгейге көтерілу үшін сайлауға қатысуы керек.Өз дауысын беруі керек, өз пікірін білдіруі қажет. Сайлаудан өткен депутат өз мәселесін шешпей, халықтың мүддесін қорғайды ғой, сол себептен бізге сайлау керек, сайлауға азаматтар қатысуы қажет.

Мырзахан Әлібеков жастардың сайлауға келмейтінін халықтың депутаттарға сенбейтіндігімен түсіндіреді.

Мырзахан Әлібеков, сайлау комиссиясының мүшесі: - Менің ойымша, мәслихатқа депутат болып өткен азаматтар тек өз мүддесін қорғап жүр. Ал, шаруасымен келгендерге қолым тимейді деп қайтарып жібереді. Негізінде олар барлығын түсіндіріп, келгендерді тыңдап, мәселесін шешуге тырысуы керек, себебі олар халықтың адамы ғой. Сол себептен олар халыққа еңбек ету керек.

Бақылаушылар мен депутаттыққа үміткер тұлғалардың сенімді өкілдері 10 күннен кейін өтетін қайта дауыс беру шарасына дайындалып жатыр, сайлау комиссиясының мүшелері бұл жолы қате жібермеуге тырысамыз дегенді айтады, ал екінші кезеңге қалған кейбір депутаттыққа үміткерлер сайлаудың екінші кезеңі әділ өтетініне күмәнді.
XS
SM
MD
LG