Accessibility links

Жер кодексінің қабылдануына байланысты қауіп


Жер кодексінің қабылдануына орай Қазақстанда кейінгі ұрпақтар бабаларынан қалған жерге ие болуына мүмкіндігі бар ма?

Байтақ қазақ жерінің ежелден иесі болғаны белгілі. Ол әрине, бірінші кезекте қазақ халқынікі болғанымен, жерге иелік еткен бай, болыстар жайлау, қыстаулар ұстап, малын баққаны ақиқат. Ал олардың ұрпақтары бүгін де бар. Айталық, Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың жетінші ұрпағы Әлихан Бөгенбай тегі. Бүгінде жасы 80-ді алқымдап қалған Әлихан ақсақал жер сатуға қарсы. Ол кісі батыр бабасынан қалған жерді өз меншігіне қаратып, кейінгі ұрпақтары заңдастырып алсақ деген ниетпен әрекеттер жасаған болатын. Алайда одан түк шықпады. Осыған орай Әлихан Бөгенбай тегі Қазақстан президенті атына хат жолдаған. Ол жақтан жауап болмақ түгілі, сол жердің құйқалы, шұрайлы тұстарын билік басындағылардың өздері иеленіп алса керек. Қария солай дейді. Ол кісінің бабаларының жері өткен ғасырдың 20-шы жылдары кәмпескеге түссе керек. Осылайша Әлихан қарт өзге де туған туыстарымен бірге бабаларынан қалған жерге иелік етуге әрекетін жалғастыруда. Бөгенбай батыр ұрпақтары бүгінде Ақмола облысында, Өскеменде, Семейде, Керекуде, Қызылорда, Алматыда, тіпті Қытай мен Түркия ауып кеткендері де бар көрінеді. Солар да атажұртқа қайта ораламыз дейді. Алайда бүгінгі ұрпақтың ол жерге қолдары жетер емес.

Ал осы мәселеге орай ой бөліскен Әбділдабек болыстың ұрпағы Мұхтар Әбділдабек қазіргі заң бойынша ата-бабалардан қалған жерді ала қою қиын дейді. Дегенмен, саяси қуғын-сүргін көргендердің заттарын қайтарып беру жөнінде әңгіме бар. Алайда сол заңда кәмпескеленген адамның ұрпағының жасы 28-де болуы керек делінеді. Ал қазір ондай адам қалған жоқ.

- Мен түгілі, менің әкемнің інісі де ол кезде жас болатын. Сондықтан ол жерді қайтарып алу мүмкін емес. Шын мәнісінде сатылатын жердің өзі аз ғана қалды. Негізінде, талай мың гектар алқап әлдеқашан сатылып кеткен, - дейді Мұхтар Әдбілдабек.

Осы мәселеге байланысты Асан Смағұл деген азамат та ата-бабаларынан қалған жерді иеленіп, пайдаға асырғысы келетінін айтады. Алайда ол жерді иеленіп, меншіктенуге құқығымыз жоқ деген пікірін жеткізді.

- Өйткені қолымызда нақты құжат болмай тұр. Сөйтсе де, бабалардан қалған жерге қайта оралып, сол аймақты сатып алғымыз келгенімен, оған да мүмкіндік болар емес, - дейді Асан Смағұл.

Оның айтуынша сондағы 60 гектар жерді бұрынғы заң бойынша жүз жылға жалға алып қойған. Ал қазір жер сатылатын болған соң әр гектар жердің бағасы 126 мың теңгеге бағаланған жағдайда 60 гектар жерді қарапайым адам үшін сатып алу мүмкін емес. Демек, ол негізінде бізге бұйырмайын деп тұрған жер дейді бұл азамат.

Осылайша жер тағдыры, қазақ ауылдарының тағдыры бүгінгі ұрпақ өкілдерін толғандырумен келеді.
XS
SM
MD
LG