Accessibility links

Әміржан Қосановқа қозғалған іске байланысты сот отырысы


Алматы қаласы Медеу аудандық сотында Әміржан Қосанов үстінен қозғалған іске байланысты дүйсенбі күні сот отырысы басталды

Бұдан бұрын Азаттық радиосынан хабарланғанындай, Алматы қалалық Қаржы полициясы Республикалық Халық партиясы атқару комитетінің төрағасы Әміржан Қосанов үстінен қылмыстық іс қозғап, оны Медеу аудандық сотына берген болатын. Осыған орай 6 қазанда сот отырысы басталды.

Сот ісін судья Владимир Зубков жүргізді. Ол Қосанов үстінен ҚР Қылмыстық кодексі статьяланының 222/1 , яғни салық төлеуден жалтарғаны және 325/3 тармағы, яғни жалған құжаттарды пайдаланғаны бойыншы іс қозғалғанын айтты. Осыған орай прокурор Тастемір қылмыстық іске қатысты бірқатар мәліметті алға тартты. Ол Қосанов “Реформа” ЖШС орталығы атынан 1998- 2001 жылдың маусымы аралығында АҚШ-тың халықаралық ұйымдарынан грант алып, осы кезеңде мемлекет бюджетіне салық төлеуден жалтарып келді деді. Прокурор Тастемір “Реформа” орталығын коммерциялық мекеме дейді. Прокурордың айтуынша төленбеген салық мөлшерінің жалпы сомасы 3 миллион 253 мың 375 теңге. Осыған орай алғашқы күні сотқа куәлер шақырылып, солардың пікірлері тыңдалды.

Одан кейін Қосановтың адвокаты Игорь Мееерзон тарапынан куәлерге бірқатар сұрақтар қойылды. Өз кезегінде Әміржан Қосанов прокурордың салық төлеуден жалтарды және жалған құжаттарды пайдаланды деген айыптарымен келіспейтіндігін мәлімдеді.

Осылайша дүйсенбі күні басталған сот үзіліс жариялап, ол сәрсенбіге қалдырылды. Үзіліс кезінде адвокат Меерзонның пікірін сұраған едік.

- Қосановтың ісінде менің пікірімше, ешқандай қылмыстық іс жоқ. Сот тәжірибелі адам, әділ шешім шығаруы тиіс. Ал прокурор болса, барлық жәйдің анық-қанығына жетуі тиіс. Салық комитеті “Реформа” ЖШС орталығына салық төлеуге қатысты дұрыс шешім шығаруға шамасы жетпеді де, істі Қаржы полициясына берген. Мен адвокатпын, сондықтан саясатқа араласпаймын, бәрін алдағы уақыт көрсетеді, - дегенмен шектелді.

Өз кезегінде үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа шақырылып отырған Әміржан Қосанов:

- Маған тағылған кінәлардың ешқайсысымен келіспеймін. Төрт жыл өткеннен кейін тырнақ астынан кір іздеп, салық төлемедің деп айып тағуы тіпті қисынсыз, - дегенді айтты. - Зубков мырза сот барысында өзінің қай жаққа бүйрегі бұрып отырғанын білдіріп алды.

Басты әңгіме алда. Біз айып тағушы прокурорға қояр өзіміздің нақты оншақты сауалымыз бар. Қылмыстық істі түгелімен жоққа шығарып, оны азаматтық процесс деңгейіне түсіре алатын біздің барлық құжаттарымыз, соған сәйкес дәлелдеріміз бар, деді Әміржан Қосанов.

Сот отырысы алдағы сәрсенбіде жалғасады.
XS
SM
MD
LG