Accessibility links

Қазақстанда зияткерлік меншікті қорғауға арналған республикалық акция басталды


Қазан айының 6-сынан бастап Қазақстанда «Зият» республикалық акциясы басталды. Екі аптаға созылатын бұл шараның мақсаты зияткерлік меншікті қорғауға арналып отыр.

Қазақстанда авторлық құқық пен сабақтас құқықтар туралы заң 1996 жылы қабылданған болатын. Ал республиканың Қылмыстық кодексі мен Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде өзге тұлғаның авторлық құқын бұзғандарды заң алдында жауапқа тартатын баптар бар. Соған қарамастан бұл салада заң талаптарын бұзатындар аз кездеспейді. Мәселен, Microsoft фирмасы өкілдерінің айтуынша Қазақстанда осы фирманың атынан саудаға шығарылатын өнімдердің 90 пайызы қарақшылық жолмен жасалады екен.

Астананың орталығындағы дүкендерден әлгіндей компьютерлік бағдарламалар мен ән-күй, бейнефильмдер, т.б. жазылған табақшаларды небары 350 теңгеге, яғни 2,5 долларға қиналмай табуға болады.

- Тұтынушы жұрт 350 доллар төлеп лицензиялы бағдарлама алғаннан гөрі, осындай көшірмені пайдалануға үйреніп кеткен. Мен күніне мұндай көшірмелердің кемінде 5 данасын сатамын, - дейді сатушы қыз.

Қазақстан мүше болуға ниет білдіріп отырған халықаралық ұйымдар жаңағыдай қарақшылыққа тосқауыл қоюды талап етеді дейді Қазақстанның әділет министрлігінің санаткерлік меншік құқығы жөніндегі комитет төрайымы Нұрғайша Сахипова.

- Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) Қазақстан жағына өзге елдердің авторларының құқығын дәл өздеріңіздегі авторлар мен заңды тұлғалармен тең дәрежеде қорғаңыздар деген талап қойып отыр. ДСҰ шекарадан келетін заңсыз тауарларға тосқауыл қоюды ұсынады. Бұл үшін, әрине, кеден органдарының қызметінің жұмысын дұрыстау керек, - деді Нұрғайша Сахипова.

Әділет министрлігінің өкілі елде санаткерлік меншік құқын бұзушыларға қарсы заңда көзделген жазалау түрлерін қатайту керек деп санайды:

- Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 184-бабына өзгеріс енгізу қажет, онда тұлғалар қарақшылық тауарларды қазіргідей тек сатып, қолданғаны үшін ғана емес, сонымен бірге оны сақтағаны үшін де қылмыстық жауапкершілік көтеруі тиіс. Сондай-ақ, елдің Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде қарастырылған 5 мың теңгеге дейінгі мөлшерде айыппұл салу қарақшыларды сескендіріп отырған жоқ. Бұл айыппұл мөлшерінің көрсеткішін кемінде 20-30 мың теңгеге дейін көтергенде ғана жаңағыдай қадамға баратындар ойланатын болады, - деді Нұрғайша Сахипова.

Ал, зияткерлік меншік құқықтары жөніндегі халықаралық коалицияның Орталық Азия мен Қазақстандағы аймақтық өкілі Төлеш Қаудыров бұл мәселенің халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен байланысы болғандықтан осы салада тез нәтиже күтуге болмайтынын ескертеді.

- Меніңше жағдайдың оңалуына біраз жыл күтуге тура келеді. Өйткені, мәселе тек үкіметтік органдардың қимылына ғана тәуелді емес. Оның бірнеше себептері бар – бұл ең алдымен халықтың әл-ауқатына байланысты, егер жұрттың шамасы жаңағыдай қарақшылық тауарды сатып алуға ғана жететін болса, ол соны таңдайды. Сонымен бірге бұл мәселе елдің экономикалық деңгейімен бірге, азаматтардың құқықтық санасына да байланысты, сондықтан осындай шараларды жыл сайын өткізіп отырған дұрыс, сонда түбінде өз нәтижесін береді деген ойдамын, - деді Төлеш Қаудыров.

Республика көлемінде өткізіліп жатқан «Зият» акциясына Қазақстанның әділет, ішкі істер министрліктері мен кедендік бақылау және қаржы полициясы агенттіктері, сондай-ақ, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, Қазақстандағы авторлық құқықтар мен сабақтас құқық иелері, басқа да мүдделі тұлғалар қатысып отыр.
XS
SM
MD
LG