Accessibility links

Баспасөз шолуы

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді басылымдарда алдағы уақытта Қазақстанның шекарасы еуропалық жүйе негізінде бақылауға алынатындығы және тағы да басқа саяси, рухани, әлеуметтік мәселелерге арналған мақалалар жарық көрген.

Қазанның бесінші жұлдызында Қазақстан жұртшылығы мұғалімдер күнін атап өтті. “Алтын орда” апталығының кезекті №39 (193) санында осыған орай сауалнама ұйымдастырылып, оған Қазақстандағы көптеген ұстаздар жауап берген. Газеттің осы санындағы Индира Өтемістің проблемалық мақаласы тіл мәселесіне арналыпты.

Мақалада “Ақтөбемұнайгаз” ашық акционерлік қоғамына 1997 жылы жаңа қожайын-инвестор ретінде келген қытайлықтардың іс қағаздарын Заңға сәйкес екі тілде жүргізбей отырғандығы тілге тиек етілген. Мақала авторының айтуына қарағанда “Ақтөбемұнайгаз” ашық акционерлік қоғамына қарасты 10 департамент пен тағы да басқа құрылымдардың бірқатарында “Тіл туралы заңның” талаптары аяқ асты етіліп, іс қағаздары бірыңғай орыс және қытай тілінде жүргізіліп келеді екен.

Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек аталмыш мекеменің бас кеңсесінде 2002 жылы тіркелген 5124 кіріс құжаттарының небәрі 42 –сі, яғни 0,8 проценті, ал 2003 жылдың басында тіркелген 301 кіріс құжатының 12-сі, яғни 3,9 проценті ғана қазақ тілінде болған. 2002 жыл бойғы және 2003 жылдың алғашқы айындағы шығыс құжаттарының бірде-бірінде мемлекеттік тіл қолданылмаған.

“Экспресс К” газетінің 7 қазан күнгі санындағы Асем Тоқаеваның мақаласында қазақстандық кеденшілердің қарақшылық жолмен Қазақстанға өткізбек болған сұйық майды тәркілегендігі туралы хабарланған. Тәркілінген тауардың көптігі сондай, оның мөлшері заңдық жолмен әкелінетін осы майдың бір жылдық мөлшерінен де асып түскен.

“Егемен Қазақстан” газетінің 7 қазан күнгі санындағы Марат Дәдікбайдың мақаласында Қазақстанда күріш өндірудің неге азайып кеткендігіне байланысты проблема қозғалған. Мақала авторының айтуынша соңғы 8-10 жылда республикада күріш өсіруден көк тиын пайда таппаған шаруашылықтар жүздеп саналады. Түсімнің азаюына ең алдымен күріш сорттарының жаңартылмауы, мәшина-трактор паркінің ескіруі, агротехникалық шаралардың сақталмауы, минералдық тыңайтқыштың тым азайып кетуі, суландыру жүйесінің істен шығуы мен күріш-жоңышқа егіс айналымының бұзылуы кері әсерін тигізіпті.

Алдағы уақытта Қазақстанның шекарасы еуропалық жүйе негізінде бақылауға алынатын болады. Бұл туралы “Известия Қазақстан” басылымының 7 қазан күнгі санында жарық көрген Игорь Воротнойдың мақаласында баяндалған. Қазақстан Республикасы кедендік бақылау агенттігінің төрағасы Бердібек Сапарбаевтың айтуынша алдағы үш жылдың ішінде Қазақстан шекараларында тұтас бақылау жүйесінен тұратын 25 бекет ашылады.

“Замана” басылымының жаңа санында Шымкенттегі сейсмикалық станцияның инженері Елікбай Егембердиевпен сұхбат жүргізілген. Оның айтуынша егер Шымкентте зіл-зала бола қалған жағдайда таулы аудандарды жер сілкінісі 8 балға дейін жетуі мүмкін. “Негізі үйлер 6 балдық жер сілкінісінің күшінен емес, құрылысының жарамсыздығынан қирап қалады. Егер үй құрылысы нашар болса, 3-4 балға да шыдамайды деген Елікбай Егембердиев, Шымкент қаласындағы үйлердің сегіз балға шыдай алатындығын хабарлайды.

“Жас алаш” газетінің 7 қазан күнгі санында Алматы қаласының №27 сайлау аймағынан мәслихат депутаттығына түскен үміткер Геройхан Қыстаубаевтың Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиеваға жолдаған ашық хаты жарияланған. Онда ол мәслихат депутаттары сайлауының әділетсіз, заң бұзушылық негізінде өткендігене орай өз тарапынан көптеген дәлелдер мен айғақтар келтірген.

“Алматы ақшамы” газетінің 7 қазан күнгі санында қала күнінің мерекеленіп өткендігіне орай репортаж жарық көрген. Осы мереке кезінде Алматыдағы үлкен алаңда “Кітап әлемі” атты көрме ұйымдастырылыпты.
XS
SM
MD
LG