Accessibility links

Варшавада Орталық Азия, Балқан елдері және Шешенстандағы адам хұқықтарының сақталу жайы талқыланды


Варшавада өтіп жатқан арнайы конференцияда Орталық Азия, Балқан елдері және Шешенстандағы адам хұқықтарының сақталу жайы талқылануда. Ол елдер- Европадағы қауіпсіздік пен әріптестік ұйымына мүше мемлекеттер.

Адам хұқықтарының сақталу жайына арналған Варшава конференциясы қазанның 6-нан 17-сіне дейін өтпекші. Күн тәртібіндегі басты мәселелер қатарында әйелдер мен балаларды саудаға салуға тиым жасау болмақшы. Құрама Штаттарының есебі бойынша жыл сайын 700 мың мен 4 миллион арасында әйелдер осындай заңсыз әрекеттер көзіне айналып жатады екен. Ол елдердің көпшілігі Орталық Азия, Молдова, Албания, Мажарстан және Бұлғарстаннан екен. Олардың барлығы да Европадағы қауіпсіздік пен әріптестік ұйымына мүше елдер. Бұл жалғыз Европа құрлығының бас қатырар шаруасы емес. АҚШ Мемлекеттік Департаменті мәліметтеріне қарағанда, жыл сайын осы елге шамамен 50 мыңдай адам заңсыз жолмен келіп жатады екен. Конференция күн тәртібіндегі басқа да мәселелер қатарында Түркменстан мен Қырғызстандағы саяси жағдай, Шешенстандағы соғыс зардабынан запа шеккен адамдар тағдыры және Беларуссия мен Молдовадағы саяси жағдайлар талқыланатын болады. Сондай-ақ көптеген елдерде әділ де еркін сайлаулар өткізу шараларының кедергілерге кездескендігі де айрықша сөз етілмекші. Баспасөз және діни топтарға жасалып жатқан қысымдар мен сығандар сияқты шағын ұлт өкілдерінің хұқықтарының сақталуы сияқты көкейкесті сауалдар да жиналғандар талқысына түспекші.

Адам хұқықтарын қорғаушы ұйымдар мен Өкіметтік емес ұйымдардан келген 700-дей өкіл екі апта бойы адам хұқықтарының қорғалу жайын осылайша талқылайтын болады. Варшава конференциясын Европадағы қауіпсіздік пен әріптестік ұйымының жанындағы Демократиялық ұйымдар мен адам хұқықтары бойынша кеңсе ұйымдастырып отыр. Ол кеңсенің өкілі Урдур Гуннарсдоттир ханымның айтуынша, күн тәртібіндегі барлық тақырыптар қаралатын сыңайлы.

- Орталық Азия, Беларусия және Шешенстандағы жағдайлар басты тақырыптар қатарында талқыланатын болады. Оған қосымша, Шешенстан мен Беларусиядағы жағдайға орай арнайы тыңдаулар болады. Орталық Азияға да байланысты дәл солай, - деді ол.



Аталған жиын әскери басқосу болмағандықтан да, Шешенстандағы соғыстың өзі талқыланбайтын болады. Алайда, сол соғыстың зардабы ретінде адамдар хұқының аяққа тапталуы қарастырылмақшы деді Гуннарсдоттир ханым. Венадағы халықаралық Хельсинки федерациясы әзірлеген арнайы баяндамада Европадағы қауіпсіздік ұйымына мүше 55 елдегі Адам хұқықтарының сақталу жайы нақты мысалдар негізінде талқыланған.

- Қазіргі кезде қалыптасып отырған осы жағдайды жақсарту бағытында не істеуге болады?- деген сауалға ұсыныстарды Варшава конференциясында басқосушылар жиын соңында қабылдамақшы. Бұл ұсыныстар ел өкіметтеріне нұсқау ретінде емес, демократиялық шарттар, ережелер ретінде ғана ұсынылатын болады, - дейді Азаттық радиосы жаңалықтар бөлімінің тілшісі Роналд Иглстоун.
XS
SM
MD
LG