Accessibility links

Алматыда «Мұнай және Газ» саласына арналған КИОГЕ-2003 атты халықаралық көрме ашылды


Қазанның 7-i мен 10 ы аралығында Алматыдағы Атакент көрме орталығында Мұнай және Газ саласына арналған Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық көрме КИОГЕ-2003 өткізілуде.

Осы халықаралық көрменің ашылуына байланысты қазанның 7 сі күні Алматыдағы Анкара қонақ үйінің мәжіліс залында көрмені ұйымдастырушылар баспасөз мәслихатын өткізді.

Әлемдегі және Қазақстандағы мұнай және газ өнеркәсіптерінің жетістіктерін көрсететін бұл КИОГЕ-2003 көрмесін Ұлыбританияның ITE Group Plc көрме тобы ұйымдастырып отыр. Ал Қазақстанның энергетика және минералдық ресурстар министрлігі мен Қазақстанның Ұлттық «ҚазМұнайГаз» компаниясы көрмеге ресми қолдау көрсетіп отыр. Баспасөз мәслихатында Қазақстанның энергетика және минералдық ресурстар министрі Владимир Школьник биылғы КИОГЕ-2003 көрмесіне әлемнің 35 елінен 170 тен астам компанияның қатысып отырғандығын хабарлады. Қазақстан үшін мұнай мен газ саласын дамыту өте маңызды деді ол.

Министр Школьниктің айтуынша, биылғы жылы Қазақстанда 52 млн тонна мұнай және газ конденсаты өндірілген ал 2015 жылы Қазақстан 150 млн тонна мұнай, 60-70 млрд текше метр газ өндіруді жоспарлап отыр.

Көрмені ұйымдастырушы ITE Group Plc көрме тобының директорлар кеңесінің арнайы кеңесшісі Сэр Андрю Вуд Британия мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстың жылдан жылға нығайып келе жатқандығын, әсіресе Британия үкіметі Қазақстандағы мұнай, газ саласына ерекше назар аударып отырғандығын айтты.

Биылғы КИОГЕ-2003 халықаралық көрмесіне Британия ең көп мұнай және газ компанияларын қатыстырып отыр. КИОГЕ-2003 халықаралық көрмесі аясында қазанның 8-9 ы күндері Алматыда халықаралық мұнай және газ конференциясы да өткелі отыр.
XS
SM
MD
LG