Accessibility links

Әміржан Қосановқа қатысты сот


РХП атқару комитетінің төрағасы Әміржан Қосановқа қатысты сот отырысы одан әрі жалғасты

8 қазанда РХП атқару комитетінің төрағасы Әміржан Қосановқа қатысты сот отырысы одан әрі жалғасты. Онда судья Владимир Зубков куә ретінде Степанцованы сотқа шақырғанын, алайда ол қазір Ресейге кетіп қалғанын айтып, сондықтан оның берген жауабын оқып берді. Оның келтірген мәліметтеріне қарағанда салық төлемдері дұрыс жүргізілмесе керек. Осыдан кейін келесі куә ретінде Давыдованы шақырып, жауап алды. Давыдова өз кезегінде салық инспекциясында жұмыс істеп, «Реформа» орталығының мемлекет бюджетіне салық төлеудегі қызметін тексергені, сонда кемшіліктердің орын алғаны, қазір ол соманың қанша екені есінде жоқтығын айтты.

Судья Зубков болса, Давыдова кезінде қол қойған құжаттардағы соманы есіне алып, 3 миллион 253 мың 375 теңгенің салығы төленбегенін айтты. Куә ретінде Давыдова соны растайтындығын білдірді.

Осы арада адвокат Меерзон тарапынан өз кезінде, яғни 1998-2000 жылдар аралығында сол кемшілікткер орын алғанда неге көрсетіліп, тиісті орындарға айтылмады деген сауалға Давыдова:

- Мен акті жасап, басшыларыма хабарладым,-дегенмен шектелді.

Адвокат болса, сол уақытта орын алған қателерді дер кезінде көрсеткенде Қосанов бәрін түзетіп, отырар еді. Енді біраз жыл өткенде бұл қайдан шықты, бұған кім кінәлі деген сауалына Давыдова ол менің құзырымдағы іс емес деп жауап қайтарды.

Өз кезегінде сөз алған жауап беруші Ә.Қосанов сотта өзіне тағылып отырған айыптарға орай 7 тармақтан тұратын мәлімдеме жасап, сотқа өтініш бергенімен, оны судья Зубков қабылдамай, кері қайтарды.

Осыдан кейін адвокат Меерзон 2000 жылы салық инспекторы Хегай «Реформа» орталығын тексергенде қателер таппаған, ал барлық құжаттарды Қаржы полициясы алып қойған. Сондықтан Хегайды куә ретінде шақырып, жауап алу қажет, оған көп сауалдар қойылады дегенді айтты.

Судья Зубков осы арада сотқа үзіліс жариялап, келесі отырыс жұма күні жалғасатынын хабарлады.

Сотқа тартылушы Әміржан Қосанов өзінің еш кінәсі жоқ екенін айтып, әрбір тармаққа қатысты жауаптар қайтарғанымен, судья Зубков оны қатерге ілмей отырғанын, өтінішін қабылдамай тастағанын айтты.

Сот отырысы алдағы жұма, 10 қазанда жалғасады.
XS
SM
MD
LG