Accessibility links

Каспий теңiзi түбiн межелеп бөлу

  • Төлеутай ТҰРАРҰЛЫ

ҚР Парламент Мәжiлiсi “Қазақстан Республикасы, Әзiрбайжан Республикасы және Ресей Федерациясы арасындағы Каспий теңiзi түбiн межелеп бөлу сызықтарының түйiсу нүктесi туралы келiсiмдi бекiту туралы” Заңды қабылдады

Қазақстан Парламентi Мәжiлiсiнiң қазанның 8-i күнгi отырысында Каспий теңiзi түбiнiң шектес учаскелерiн межелеп бөлу туралы Қазақстан Республикасы, Әзiрбайжан Республикасы және Ресей Федерациясы арасындағы келiсiмдi бекiту туралы заң қабылданды. 2003 жылдың мамыр айында Алматыда жасалған бұл келiсiмде теңiз түбiн межелеп бөлу сызықтарының түйiсу нүктесi Солтүстiк ендiктiң 43 градус 33,6 минуты, Шығыс бойлықтың 49 градус 53,3 минуты координаттарымен белгiленген. Қазақстан сыртқы iстер министрiнiң бiрiншi орынбасары Қайрат Әбусейiтовтың айтуынша, мұның өзi Қазақстанның теңiз табанын бөлiсу жөнiндегi ұстанымына толық сәйкеседi.

Заң қабылданғаннан кейiн Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында Каспий теңiзi түбiнiң шектес учаскелерiн межелеп бөлудi заңдастыру процесi аяқталады. Алайда, Қазақстан, Әзiрбайжан және Ресей мемлекеттерi арасында жасалған екiжақты келiсiмдердiң заңдылығына Иранның шүбә келтiрiп отырғаны, ал сөз болып отырған үшжақты келiсiмнiң өзi екiжақты келiсiмдер негiзiнде жасалғаны мәлiм. Депутат Ғани Қасымов: «Иран мен Түрiкменстан наразылық көрсеткен күнде Келiсiмдi қайта қарауға мәжбүрлiк тумай ма?» -- деген алаңдаушылық танытты. Ал Қайрат Әбусейiтовтың сөзiмен айтқанда: «Қазақстан, Әзiрбайжан және Ресейдiң Теңiз түбiн бөлу сызығының түйiсу нүктесiнен Иран алшақ жатыр. Оны былай қойғанда, Иранның өзi де Әзiрбайжанмен және Түрiкменстанмен екi жақты келiссөздер жүргiзуде».

Қазақстан сыртқы iстер министрiнiң бiрiншi орынбасары бүгiнгi таңда теңiз түбiн орта сызық арқылы бөлуге Түрiкменстан да, Иран да қарсы емес деп мәлiмдедi. Бiрақ, екеуi екi түрлi модификация ұсынып отыр. Ал Қазақстан мен Түрiкменстан арасындағы келiссөздер нәтижесiнде теңiз түбiн бөлу сызығының түйiсу нүктесi белгiленiп қойылған. Ендi Қазақстан, Түрiкменстан және Әзiрбайжан арасындағы түйiсу нүктесiн анықтау мiндетi тұр. Осы мәселе бойынша алдағы уақытта үшжақты келiссөздер жүргiзiлуi мүмкiн.
XS
SM
MD
LG