Accessibility links

Қазақстан, шынайы демократия және АҚШ


Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының қарым- қатынасы алдағы уақытты қандай болмақ? Осы мәселе екі елдегі көптеген топтың арасында түрлі көзқарас туғызып келеді.

АҚШ сыртқы істер министрінің көмекшісі Лоурн Крейнер Қазақстан үкіметі шынайы демократиялық реформаларға көшпесе, екі елдің қырым-қатынасы жылы болмайды дейді. Мұндай талап Орталық Азияның өзге де авторитарлық үкіметтеріне қойылып отыр.

Ортаазиялық авторитарлық үкіметтерді үнемі қатты сынайтын АҚШ сыртқы істер министрінің көмекшісі Лоурн Крейнер заң факультеттері студенттерінің алдында өткен аптада сөйлегенде аймақта демократияны шынайы қолға алатын кез әбден жетті деп пікір айтты. 2001 жылдың 11 қыркүйектегі шабуылдардан соң Америка Құрама Штаттары терроризмге қарсы соғыс ашты, ортаазиялық елдер жаңа науқанның барысында Вашингтонның жанында табылды. Алайда, дәл осы кезеңде Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанда демократиялық ұйымдар барған сайын қуғындалды, бұқаралық ақпарат құралдарының шеңбері одан сайын тарылды. Ортаазиялық авторитарлық басшылар мұндай ел билеу әдетін доғармаса, Вашингтон алдында жинаған ұпайларын шашып алуы ықтимал, деп ескертіп отыр Лоурн Крейнер.

АҚШ сыртқы саясатының жоғарғы өкілі ортаазиялық үкіметтер азаматтық қоғам талаптарына сай кейбір алғабасу жасағанымен, саяси не болмаса экономикалық реформаларда көзбояушылықпен құтылғысы келеді не болмаса ашықтан ашық қатыгездік жасайды дейді. Мәселен, өткен жылы Қырғызстанда бес азамат шеру кезінде полиция тарапынан өлтірілді. Қырғызстан үкіметі болса, халықтың сол сәттегі талаптарына әлі құлақ асқан жоқ.

Лоурн Крейнер Өзбекстан болмысын да сипаттай келе нақты мысал келтірді, тәуелсіз журналист Руслан Шәріповтың қорланып, ұзақ жылдарға сотталғанын ортаға салды:

- Соңғы 18 айда Өзбекстанда шамалы болса да маңызды алға басу байқалды. Бірақ бұл жетістік тұтқындау, өлім, азаптау жөніндегі сенімді баяндамалардан соң мәнін жоғалтып отыр. Осы күнге шейін көптеген өлім жайында нақты мәлімет болған жоқ. Соңғы оқиғаларды айтатын болсақ, тәуелсіз журналист Руслан Шәріпов айыпты деп табылды, оның кейбір қорғаушылары соққыға жығылды, "Халықаралық дағдарыс тобы" деген ұйымға қысым жасалды. Мұның барлығы Өзбекстан үкіметінің адам құқықтары саласындағы міндеттемелері жөнінде мәселе қозғатып отыр.

Өзбекстандағы қудалаудан Қазақстандағы жағдай оңып тұрған жоқ. Журналист Сергей Дувановтың қыз зорлады деген айыппен сотталуы құғын-сүргіннің биік межесіне айналды. Дувановтың соты заң тәртібінен ада болды, дейді АҚШ сыртқы істер министрлігінің жоғары өкілі Лоурн Крейнер. Бұл жеке жағдайдарды ортаазиялық үкіметтердің ресми тұлғалары АҚШ ресми өкілдерімен кездескенде мойындайды, шара қолдануға, жағдайды оң жолға бұруға әдетте сөз береді, деп отыр АҚШ сыртқы істер министрлігінің жоғары өкілі. Бұл кезеңде Қазақстанда бірқатар заң қабылданады, олар халықаралық талаптарға сай болады деп күтілуде:

- Баспасөз саласындағы бейүкіметтік ұйымдар жөніндегі заң және жаңа сайлау заңы Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы алдындағы Қазақстанның міндеттемелеріне сай болады деген үміттеміз.

Ондай болса, ресми Вашингтон уәделердің іске асқанын күтіп отыр, әйтпейінше қарым-қатынастарымызда мамыражай жылылық орын алмайды, дейді Лоурн Крейнер. Бұл тұрғыдан қарағанда демократиялық сайлау өткіздік не болмаса өткізгелі жатырмыз деген қызыл сөз өлшем бола алмайды. Сайлау арасында елдегі тыныс қандай болса -сайлау науқаны соны аңғартады. Демек, сайлау арасында елдің тыныс- тіршілігі қандай болса - демократиялық дамудың да көрсеткіші сондай.
XS
SM
MD
LG